Дәурен Дияров: ҚазАқпарат жүз жылда атауын талай өзгерткенімен, негізін өзгерткен жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ - кешегі Қазақ Телеграф агенттігінің (ҚазТАГ) жалғасы, оның түп тамыры өткен ХХ ғасырдың тарихи қойнауында жатыр. 1920 жылғы тамызда РОСТ-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде құрылды. 1925 жылы ҚазРОСТ, ал 1937 жылы ҚазТАГ болып өзгертіліп, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. Осы айтулы дата аясында Қазақ елінің жүз жылдық тарихының нақты фактілер мен деректеріне толы «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» мекемесін 2007 – 2016 жылдары басқарған Дәурен Кеңесұлы Дияровты әңгімеге тартқан едік.

- Мен «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» ұжымына 2004 жылы келдім. 2007 жылы Агенттік басшысы болғанға дейін Бас директордың экономика және даму жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бұл он жыл «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» мекемесінің нарықта өз орнын тапқан кезеңі болды. Ал, бүгінгі күні ғасырлық мерейлі межені еңсеріп отырған үлкен ұжымға қол жеткен биік табыстар толайым бола берсін дегім келеді.

«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» жаңалықтарын бүгінде шетелдік ақпарат агенттіктерінің өздері де жариялай бастады. Бұл бірлесіп сенімділікпен жұмыс істеу нәтижесі. Өйткені «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» өзін ең сенімді дереккөз ретінде танытып келеді, жаңалықтары он рет сүзгіден тексерістен өтеді. Тек нақты және сенімді дүниелер жариялап, өз оқырмандарын құрметтейтін агенттік.

- Он жылдан астам агенттікте қызмет еттіңіз, соның ішінде біраз жыл басшылық жасадыңыз. Жүз жылдық тарихы бар агенттіктің осынау кезеңіндегі есте қалған ерекше естеліктеріңізбен бөліссеңіз.

- Көне түркі жұртынан көнермей келе жатқан бір ұлағатты әңгіме бар: «Әлдеқалай мол қазынаға кезіксеңіз, бұл туралы ешкімге тіс жармаңыз. Егер бір жақсы дос тапсаңыз, ол жөнінде жақын туыстарыңызға айтыңыз. Ал енді бұрын соңды естілмеген сөзді естісеңіз - оны дүйім елге жайыңыз» деген. Мазмұны сәл пәл өзгешелеу болғанымен осынау бір ой-тұжырымның мағынасы біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болуға тұрарлық десем әсте қателеспеспін. Расында жақсы жаңалықтардың жаршысы болғанға не жетсін.

«ҚазАқпарат» агенттігінің мақсат-міндеттері де осыған саяды десем артық айтқандық емес. 2005 жылы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы президенті сайлауы аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуі болды. Сол кезде Елбасы ең бірінші кездесуін осы біздің «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясында өткізген еді, бұл кездейсоқ болмады деп білемін. Сол кездесу барысында Мемлекет басшысы ҚазАқпарат Қазақстандағы жағдайдың барлығын дүниежүзіне лезде жеткізіп отыратын үлкен агенттік болуы қажеттілігін ескертті. Сосын : «2002 жылы Қазақстан журналистерінің I Конгресінде мен басқа отандық бұқаралық ақпарат құралдарын ақпаратпен қамтамасыз етіп отыру үшін Ұлттық агенттікті қайта түлету идеясын ұсынған болатынмын, қазір осы идея ойдағыдай жүзеге асырылуда» деп, біздің агенттікті ерекше атап өткені есімде. Елбасы тарапынан берілген мұндай бағаның «ҚазАқпаратқа» көрсетілген айрықша сенім мен зор жауапкершілік екенін терең сезіне отырып, сол сенімді ақтауға барлық күшімізді жұмылдырдық. Сенім үддесінен шықтық деп ойлаймын.

Осы ретте, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі», ғасырлық межесінде республиканың қазіргі ақпарат кеңістігінде қазақ тілінде төл ақпарат тарататын бірден-бір ұлттық ақпарат агенттігі екенін баса айтқым келеді. Еліміздің экономикасы мен әлеуметтік-мәдени өміріндегі барлық маңызды жаңалықтарды қазақ тілінде ғана емес, ағылшын, орыс, қытай тілдерінде бар әлемге жария етіп отыр. Бұған 2019 жылы ашылған өзбек тіліндегі нұсқасын қосыңыз. Осының бәрі еліміздің шетелдегі имиджіне ақпараттық қолдау деп білемін әрі бұны бүгінге дейін ҚазАқпарат өз деңгейінде атқарып келді, алдағы уақытта да атқара береді деп ойлаймын.

Естелік демекші, агенттіктің 2007 жылдың бірінші жарты жылдығындағы көрсеткіштері менде сақталып қалыпты. Сол деректерге жүгінсек, қазақ тіліндегі сайт жаңалықтарына күнделікті 650-ге жуық, орысша жаңалықтарға 4000-нан астам, ағылшынша сайт хабарларына 900-ге дейін оқырман кірген екен. Мұнымен қатар, үш тілдегі жаңалықтарды Ресейден, Қытайдан, Канада мен АҚШ-тан, Австралия мен Ұлыбританиядан, Жапония мен Сингапурдан, Түркиядан, Еуропа елдерінен тұрақты түрде тәулігіне 800-ге дейін адам оқып тұрған болатын. Жалпы «ҚазАқпараттың» сайтына 50-ден астам елде тұратын қазақ бауырларымыз оқырман ретінде тіркелген. Агенттіктің бұл тіршілігіне Нидерланды, Норвегия, Швеция, Қытай, Моңғолия және әлемнің өзге елдерінде тұратын қандастарымыз өздерінің ризашылықтарын білдірген жазбалар сақталған.

- «ҚазАқпарат» агенттігі ғасыр жасап, жүз жасқа толып отыр. Осынау ізгі істің басында тұрған ағаларымыз бен апаларымыздың көбі қазір жоқ. Агенттікті ұзақ жылдар басқарған басшы ретінде өткен тарихқа көз жүгіртіп өтсек?

- Кеңес үкіметі тұсында агенттік (ҚазТАГ) бірінші кезекте социалистік және коммунистік құрылыстың тәжірбиесін және көріністерін насихаттайтын идеологиялық құралдың рөлін атқарды ғой. Республика бойынша үкімет деңгейіндегі ресми хабар беру ҚазТАГ-тың ғана құзырында болатын, әрі ол кезде барлық радио, теледидар, газеттер ресми хабарларды тек ҚазТАГ арқылы алатын. Екінші жағынан, ҚазТАГ республикалық, облыстық, аудандық баспасөз беттерінде басылатын ресми, маңызды материалдардың қазақшасына жауапты болды. Яғни тікелей міндетті атқарумен қатар ҚазТАГ қазақтың ақпараттық публицистикасы мен аудармасын қалыптастырды деп айта аламын. Өйткені мұнда ерекше дарынды аудармашылар істеді. Олардың басқалардан артықшылығы барлығының бірдей ілеспе аударма жасай алатынында болатын. Осы азаматтардың арқасында көптеген термин сөздердің қазақша баламасы дүйім жұртқа таныс етіліп, қолданыстағы сөздік қордың аясын кеңейтуге мүмкіндік туды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы отандық баспасөз ішінде ҚазТАГ-тың шоқтығы биік екенін мейлінше ашып көрсетті. ҚазТАГ фототілшісінің желтоқсаншылардың сотынан түсірген суреті газетке басылғаннан кейін қоғамда едәуір дүрбелең болғаны жадымызда. Бір назар аудартар мәселе – 1986 жылдан кейін агенттіктегі қазақ тіліндегі хабарларға мән беріліп, ҚазТАГ-тың қазақша хабарлары да ширай бастады.

Сайып келгенде, өзінің жүз жылдық тарихында агенттік атын бірнеше дүркін өзгерткенмен негізін өзгерткен жоқ, басты мақсат-міндетінен тайған емес. Ол – шынайы жаңалықты дер кезінде жедел жеткізу, қоғам тіршілігіндегі оқиғаларды қалың бұқараға тиянақты дәлдікпен хабарлау.

- «ҚазАқпарат» агенттігінің құрылымдық жүйесі мен қызмет ауқымында тәуелсіздік жылдары біраз өзгерістер мен жаңалықтар болды. Сол туралы айтып өтсеңіз.

- 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен ҚазТАГ «Қазақ ақпарат агенттігі Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны» болып қайта құрылды. 2002 жылғы 8 қарашада бұл кәсіпорын Үкімет қаулысымен «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» ашық акционерлік қоғамына айналды.

Құрылымдық өзгерістердің ақпараттық өндірісті жаңаша ұйымдастыруға мол септігі тиді. 1997 жылдан жаңа заманғы ақпарттық технологияға көшіп, телетайптық тәсілден электронды ақпарат тарату тәсіліне кіріскен агенттік республиканың барлық облыстарында, Қытайда, Өзбекстанда, Ресей мен АҚШ-та, Бельгияда, Әзербайжан мен Қырғызстанда меншікті тілшілері болды. Жедел де шапшаң ақпарат жасауды жетік меңгере білген бұл тілшілер мемлекеттік, аймақтық, халықаралық маңызды оқиғаларға қатысты биліктің ұстанымы мен саяси бағдары, мәселенің мән-жайы мен шынайы түп-төркіні төңірегінде оқырмандарға орнықты да нақты бағыт-бағдарлар тарата бастады. 2012-2014 жылдары «Қазақстан» АҚ Телерадио Корпорациясы құрамындағы «ҚазАқпарат» ақпарат агентігі болдық. 2016 жылдан бүгінгі атауымыз «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» болып аталдық.

Түйіндеп айтсам, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» замана лебімен мүлде жаңа деңгейге көтеріліп, мазмұны мен сапа тұрғысынан да айтарлық дәрежеде бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, нарыққа негізделген ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар екенін мойындатты.

Сөзімнің соңында мен «ҚазАқпарат» ХАА басшылығы мен ұжымын атаулы мерейтойымен шын жүректен құттықтағым келеді. Қадірлі әріптестерімнің, күн сайын ақпараттың алғы шебінде жүрген журналистер қауымының еңбектері елене берсін! Ұжымның әрбір азаматына баянды бақыт, отбасыларыңызға береке, бірлік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

- Әңгімеңізге рахмет!



Соңғы жаңалықтар