Дәурен Абаев коронавируспен күресіп жатқан мамандарға алғыс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавируспен алдыңғы шепте күресіп жүрген мамандарға алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта коронавируспен күресте алдыңғы шепте тұрған мамандарға - біздің дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, мейірбикелер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне тағы да алғысым білдіргім келеді. Осындай қиын күндері көптеген адамдар дәрігерлерге деген көзқарасын өзгертіп, олардың қоғам өміріндегі рөлі мен маңызын түсінді. Біз олардың балалары, туыстары мен достары бар екенін жиі ұмытып кетеміз. Осы мамандар ауру жұқтыру қатеріне қарамастан, аянбай еңбек етіп жүр», - деді министр «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Сонымен бірге, министр өзге де салалардың мамандарын атап өтті.

«Әрине, полиция мен Ұлттық гвардия қызметкерлерін ұмытпауымыз керек. Олардың қатарына әскерилер қосылып жатыр. Олар да тәулік бойы сіздер мен біздің қауіпсіздігімізді күзетіп тұр. Сөз соңында журналистерге де алғыс білдіргім келеді. Қазіргі жағдайда халықты объективті ақпараттандыру жұмысы өте жауапты әрі маңызды болып отыр. Қазір олардың жұмыс кестесі тығыз екенін білеміз, тіпті редакцияда түнеуге мәжбүр. Олардың жеделдігінің арқасында көп жағдайда дүрлігуге жол бермедік», - деді Д. Абаев.


Соңғы жаңалықтар