Дәурен Абаев: Қазақстан Үкіметі ДДСҰ-мен күнделікті байланыста отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстан коронавирус инфекциясының алдын алу және оның таралуына жол бермеу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен күнделікті байланыс ұстап отырғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус осы уақытқа дейін біздің елде тіркелген болса – Үкіметке оны жасырудың не қажеті бар еді?! Тіркелгені жасырылса – бұл мүлде орынсыз әрі тиімсіз стратегия болары сөзсіз. Фактілерді жасыру – аурудың кеңінен тарауына жол ашады. Яғни бұлай болса проблеманың ауқымы үлкен болары даусыз. Әлде Үкімет дүрбелеңнен қорқып отыр деп ойлайсыз ба? Бірақ дүрбелең қазірдің өзінде біздің ел түгілі дүниені сілкіндіріп тұр. АҚШ, Еуропа, Азия, Африка – барлық жерде бар. Бұл әлбетте қалыпты құбылыс», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен күнделікті байланыста.

«Әлемдік қауымдастықтардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзінің реакциясын да көріп отырсыздар. Егер Қазақстан бұл фактінің тіркелгенін жасырып отырған болса, әлемдегі серіктестеріміздің сенімін жоғалтып қана қоймай, бізге қарсы санкциялық шаралар да қабылданар еді», - деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясын зертханалық диагностикалау Ұлттық сараптама орталығында жүргізіледі.

«Лабораториялардың бәрі де Ресей мен Қытайда шығарылатын тест-жүйелерімен қамтылған. Сонымен қатар барлық сынама қосымша екі орталықта – Аса қауіпті инфекциялар бойынша орталық пен сараптаманың санитарлық-эпидемиологиялық орталығында тексеріледі. Бұл тексерудің бәрі бізге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тест-жүйесі арқылы жүргізіледі», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Еске сала кетсек коронавирус инфекциясының алдын алу үшін бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесіне арналған шараларды және әскери парадты өткізбеу жөнінде тапсырма берген болатын.

Соңғы жаңалықтар