Дәулет Асанов: Экологиялық мәселеге келгенде ешкім немқұрайлық танытпауы керек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының экологиялық жағдайы әлі күнге дейін күрмеуін таппаған күрделі мәселе. Осы ретте, экология түйткілдерінің түйінін тарқатуға бір кісідей атсалысып жүрген жандардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы бойынша эко-амбассадор Дәулет Асанов. Ол қоршаған ортаны ластап жатқан ірі зауыттардың заңсыз әрекеттерін жария етіп, Ушанов алаңындағы 28 шыршаны кеспек болған қала әкімдігіне тойтарыс берген. ҚазАқпарат тілшісі 5 маусым – Бүкіләлемдік экологтар және қоршаған ортаны қорғау күніне орай табиғат жанашыры Дәулет Асановпен сұхбаттасып қайтқан еді.

- Экологиялық мәселелермен айналысуыңызға не түрткі болды?

- Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде оқып жүрген кезімде ұстазымыз профессор Валерий Владимирович экологияға деген қызығушылығымды оятты. Ол кісі ұзақ жыл экология мәселелерін көтеріп жүрген білікті де білімді маман. Бірде мені қасына шақырып «бізбен бірге жұмыс істегің келе ме?» деп сұрады. Көп ойланбай келісімімді бердім. Сөйтіп жоғары оқу орнындағы зертханада өндірістік экология бойынша жобалармен, әр түрлі зерттеулермен айналыса бастадық. Мол тәжірибе жинақтап, өңіріміздегі қоршаған ортаның жағдайын жіті түсіндім. Сондай-ақ экологиялық заңнаманы жаттап, кәсіпорындармен, жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істедім.

- Қоршаған ортаны қорғау үшін қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

- Табиғатты ластайтындарға тосқауыл қою үшін шама-шарқымыз жеткенше әрекет етудеміз. Мәселен, 2019 жылы облыстық қоғамдық кеңестің сарапшылар тобы Үлбі металлургия зауытының қала іргесіндегі қалдық қоймасын заңсыз кеңейтіп жатқанын анықтаған. Бұл жер асты суына үлкен зиян келтіреді. Осы жайты әлеуметтік желілерге жарияладым. Сөйтіп халық арасында резонанс туған соң «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясы мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі биылғы ақпан айында қоршаған ортаны бірлесе қорғау жөнінде меморандум жасасты. Заңсыздыққа жол берген ҮМЗ басшылығына ірі көлемде айыппұл салынды. Енді аталмыш зауыттың радиоактивті қалдықтары бұрынғы Семей полигонының аумағына көмілуі тиіс. Көп жағдайда кәсіпорындар көпшілікке білдіртпей осындай әрекеттерге барып жатады. Сондықтан оларға бақылауды күшейткен жөн.

Бұдан бөлек, Өскемен қаласының әкімдік қызметкерлері жолды кеңейту үшін Ушанов алаңындағы 28 шыршаны кесіп тастамақ болған еді. Негізінен осы жоба 2016 жылы әзірленген. Алайда бұл экологиялық кодекс талаптарын бұзатындықтан іске асырылмаған-тұғын. Соған қарамастан биыл әкімдіктегілер араға 4 жыл салып ағаштарды қайта кеспек болды. Бірден әлеуметтік желіге жазып, мәселе көтердім. Осылайша, жасыл алқаптардың кесілуіне жол бермедік.

- Көтерілген мәселелер үнемі шешімін тауып жата ма?

- Кейде жазған дүниеміз, жасаған ұсынысымыз жылдам нәтиже беріп жатады. Ал кей кездері көтерілген мәселе шешілмей қалады. Әлеуметтік желіге пост жариялағанда тек проблеманы айтып қоймай, оның шешу жолдарын ұсынып, заңның нақты қай бабы бұзылғанын ашып көрсету қажет. Себебі тек «Экологиямыз нашар» деп жаһанға жар сала бергеннен түк те шықпайды. Өскемен қаласындағы кей зауыттар ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтпай отыр. Осының салдарынан қоршаған ортаға қандай зиян келіп жатқаны айтпасақ та түсінікті. Жалпы өңірімізде экологтар көп болғанымен, табиғатқа жанашырлық танытып жүрген белсенділер өте аз. Себебі көбісі кәсіпорындармен, мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын бұзғысы келмейді. Ал экология жағдайын жақсарту үшін олармен күресуге тура келеді. Сол үшін әр адам өзінің азаматтық позициясын айқындауы тиіс. Экологиялық мәселеге келгенде ешкім немқұрайлық танытпау керек.

- Өскемен қаласының экологиясын жақсарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Жергілікті атқарушы билік өкілдері кәсіпорындармен мықтап жұмыс істеп, бақылауды күшейтуі қажет. Себебі зауыттар көбінесе ауаны ластамауды емес, пайда табуды мақсат етеді. Нақты жоспарлар құрып, сол бойынша әрекет еткен жөн. Шаһардың ортасындағы тұрғын үйлерде тонналап көмір жағылады. Жел болмағаннан кейін бұл да қоршаған ортаға елеулі залал келтіреді. Сондықтан үйлерге жылу жүйелерін тарту керек.

- Табиғат жанашыры ретінде халыққа қандай кеңес айтар едіңіз?

- Кез келген адам биліктен бір нәрсе сұрамас бұрын өзінен бастау керек. Егер өзіміз экологияға немкетті қарамасақ қана қоршаған ортаны ластап жатқандармен күресе аламыз. Кей жандар демалыс орнына барғанда қоқысты бейберекет шашып тастайды да, «барлық жер лас» деп шағымданып жүреді. Бұл деген ұят қой! Әрқайсымыз өзімізді таза ұстайық. Міне сонда тазалық болады.

Сұхбатыңызға көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар