Дария Қожамжарова: Уақытты өз билігіне бағындырған - Қазақ елі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының дамуының өзіндік моделі бағытындағы шығармашылық ізденісінің ақырғы нәтижесін Елбасының сөздерімен жеткізуге болады: «Біз бір рет таңдап, содан бері одан таймаған өзіміздің қазақстандық даму жолымен келеміз. Әлемдік тәжірибені сараптай және зерттей отырып, біз эволюция жолын таңдадық. Біз демократияның жедел, әсіресе сырттан енгізілуіне қарсымыз. Біз ешкімге де еліктеуге тырыспаймыз, біздің мемлекетімізге, біздің халқымызға керегін жасап жатырмыз. Және бұл қолымыздан келіп жатыр». Нұрсұлтан Назарбаев таңдап алған бұл байыпты бағыт әлеуметінің басым бөлігі азиялық менталитетке ие, қарышты өзгеріске түсіп келе жатқан Орталық Азиядағы ел ретіндегі қазіргі Қазақстан үшін стратегиялық бағдарға айналды. Бұл туралы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күні кеше ғана қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы» - ХХІ ғасырдағы аса маңызды саяси әрі тарихи құжат болды. Декларация  латын тілінде declaratio - мәлімдеу, хабарлау дегенді білдіреді, яғни елдің саяси-экономикалық даму принциптерін мәлімдейтін мемлекеттік құжат. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясында» ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған ерен еңбектері көрсетілген. Онда егеменді Қазақстан құру бойынша тарихи миссияны Елбасының аса сәтті орындап шыққаны ерекше аталады. Сондай-ақ, бұл маңызды құжатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің дамуына сіңірген еңбегі мен еліміздің саяси-экономикалық жетістіктері баяндалған. Сан ғасырлық тарихы бар еліміздің өткеніне шегініс жасасақ, осынау, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-байтақ Ұлы даланы мекен еткен халқымыз азаттық жолында қандай қиян асулардан өтпеді десеңізші?! Елінің тыныштығы жолында қолына бөрілі байрақ ұстаған бабаларымыз жан-жағынан анталаған жау алқымнан алған сол бір қасіретті заманда, «ұлымыз - құл, қызымыз - күң» болып өзгенің босағасын сығалап, атамекен жеріміз ұрпаққа бұйырмай жаттың қолында кетіп жатқан кезеңде тарих сахнасынан біржола жұтылып кетпес үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біліп, ұлан-байтақ жерімізді бізге аманат етіп қалдырып кетті. Өткен ғасырдың 1991 жылғы 16 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған Тәуелсіздігімізге, міне, 25 жыл толыпты. Осы аралықта Елбасымыз жеріміздің тұтастығын сақтай отырып, елдің іргесін сөкпей, татулық пен бірлікті, достық пен сыйластықты ту етіп көтере отырып, тәуелсіздігі баянды, жасампаз Қазақстан мемлекетін құра білді. Сондықтан күрмеуі көп қиын шақта, соқтықпалы, соқпақсыз кезде тыңнан түрен салып, өзіне сенім артқан жұртын ешқандай қантөгіссіз өркениетке жетелеген һәм дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген Президенттің орны ерекше. Демек халық алдында осындай толағай тірлік атқарған Тұңғыш Президент күнін атап өту тарихи маңызы зор мереке. Ендеше, осы орайға дөп келетін «Бақыт - бағасын білгеннің басында ғана тұрады» деген Елбасы сөзі тәуелсіздігімізді тәу етіп тұруға шақырып тұрғандай. Әсілі, данагөйлер «халықтың өмірі мемлекеттің өмір сүруінің мән-мағынасына айналғанда ғана адамдар рухани тірекке табан тірейді» деп тегін айтпаған болса керек», - деді ол.

Оның атап өтуінше, кезінде тағ­дыр Керей мен Жәнібек хандарға жаңа этникалық бірлестік­ке негізделген мемлекетті құру және оны басқару үлесін берген кезде олар ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды. Кейін уақыт өте келе тағдыр тағы да бірнеше ғасыр бойы патшалық, одан соң Кеңестік империяның құрсауында болған елімізге тәуелсіздікті алып беріп қана қоймай, оның берік негізін қалау миссиясын Елбасыға жүктеген болатын. Сол кездері Қазақстанға тәуелсіздік алып беру және оны әрі қарай дамыту Елбасымызға оңайға соқпады. Өйткені ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы артылар жүк Елбасымызға ауыр болған және оны абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарына қосу үшін  батыл шешімдерді қабылдауды қажет етті.

«Осы тұста өз заманында тарыдай шашылған қазақ руларын бір тудың астына жинаған Абылай ханның қызметі қандай болса, жас мемлекетіміздің негізін қалауда Елбасымызың еңбегі де соған пара-пар болатын.  Бұл туралы Елбасымыздың Абылай ханның 300 жылдығына айтқан сөздері дәлел. Онда Елбасымыз: «Абылай Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді. Оның қазақ халқының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақсатқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә. Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті. Болашағымыз баянды, тәуелсіздігі­міз мәңгілік болуы үшін біз бабалардан қалған аманатты есімізден шығармай, үнемі електен өткізіп отыруға тиіс­піз. Өйткені, біз Абылай бабамыз арман­даған осы күнге оңайлықпен жеткеніміз жоқ... Маңдайына бақ пен соры қатар жазылған Қазақ елі Абылай хан өмірден өткеннен кейін де тағдырдың талай тауқыметін тартты. Ырысын қашырған алауыздықты, «бас басына би болған өңкей қиқым» заманды, ұлттық болмысымызды жоймақ болған тоталитарлық саясаттың тепкісін көрді. Алайда ертеңгі күнге деген үмітімізді өшірмей, бәрінен өттік. Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті. Байтақ өлкеміздің шекарасын заман талабына сай халықаралық нормалармен бекітіп, әлемдік қауымдастықты мойындаттық. Сол арқылы көршілерімізбен мәңгілік достыққа, өзара тиімді сауда-экономикалық, мәдени байланыстарға негіз қаладық. Бұл күнде ешқандай елдің Қазақ жеріне қатысты дауы жоқ. Ең бастысы, біз бабалар аманат еткен киелі жерімізде құрған мемлекетімізде ынтымағымызды сақтай білдік. Соның арқасында берекелі бірлігіміз төрткүл дүниеге мәлім болды. Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ордамызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Қазіргі жасампаз Қазақстан іргесі берік, ынтымағы мығым, төрт құбыласын тегіс мойындатқан Тәуелсіз мемлекетке айналды. Қандай қиын-қыстау замандардан өтсе де елдігін жоғалтпаған қазақ халқы Абылай армандаған мамыражай бейбіт өмірді көрді. Абылай мұратының орындалғаны осы емес пе?!», - деген еді.  Осы атал­ған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Атап айтқанда 1989 жылғы маусымның 22-інде Қазақ КСР-інің астанасы Алматы қаласында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ХV пленумы болып, оның бірінші хатшылығына Нұрсұлтан Назарбаевты бекітеді. Міне осы кезден бастап Н.Ә.Назарбаевтың ықпалымен Қазақстандағы саяси жағдай да тез арада құбылып, елдің егемендікке деген құлшынысы ояна бастап, дағдарысқа ұшырап, ыдырай бастаған КСРО-ның ықпалынан шығаратын Қазақстанның егемен құқықтарын бекітетін мүлдем жаңа заңнама актілерін қабылдаудың қажеттігі туындайды. Нәтижесінде 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту мен Казақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (Негізгі Заң)» заң қабылдап, Қазақ КСР Президенті қызметін бекітіп, сол күні қызу талқылаудан кейін Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің Президенті етіп Н.Ә.Назарбаевты сайлайды. Осылайша Қазақстанда Президенттік институт Ресейге қарағанда бір жыл бұрын енгізілді. Жалпы алғанда Қазақстандағы президенттік басқару тәжірибесі кешегі тәуелсіздік жолында бастарын құрбандыққа тіккен Алаштықтардан бастау алады. Сол уақыттары «Алаш» партиясының бағдарламасында көрсетілген ел басқару жүйесі, ұрпақ тәрбиесі, ұлттар теңдігі, азаматтар­дың құқы мен бостандығы жөніндегі ұстанымдар тәуелсіз Қазақ мемлекетінің саясатымен сабақтасып жатыр. Сол себепті Алаш көсемдерінің өмірінен өнеге, тірлігінен тағылым алып, Алаш мұратын ұлт мұраты ретінде және ұрпақтың бойына отаншылдық пен мемлекетшілдік идеясын сіңірудің басты құралы болуы керек. Сонымен қатар, Алаш зиялыларының бағдарламаларында «Үкімет басында Құрылтай жиналысы, оның арасында Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума белгілі мерзімге сайлаған президент тұрады» делінген. ХХ ғасырдың басында Президенттік басқарудағы мемлекеттердің әлемде санаулы болған­дығын ескерсек, Алаш зиялыларының мемлекет басқару ісінде қаншама озық ойлы, тұрпатты, құқықтық мемлекет құрудың алғы­шарттарын жасағандықтарына көзіміз жетеді. Осыған байланысты Егемен Қазақстанның да мемлекеттік тетіктері өркениетті елдердің озық тәжіри­белерін пайдалана отырып, өтпелі кезеңнің ерекшеліктері мен саяси, ұлттық жағдайларға байланысты қалыптасып құрылды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай,  уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлес­тіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі  даралығымен бірден әлем назарын аударды. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, даму жолына үңілетін болсақ, бұдан ширек ғасырдан  көп уақыт бұрынғы бұл оқиғаның еліміздің кемел келешегі үшін шын мәнінде аса маңызды болғанын байқаймыз. Іс жүзінде 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басы аяқталып келе жатқан Одақ құрамындағы барлық елдердің азаттыққа ұмтылған, жылдар бойы бір жүйенің мойынға таққан  бұғауынан босауға бет бұрған уақыт еді. 1990 жылғы қазанның 25-інде  сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары еліміздің дербестігінің негізін қалаған құжатқа - Егемен мемлекет туралы декларацияны қабылдады. Бұл еліміздің тәуелсіздігі тарихындағы жаңа белестерді ашқан тарихи күн болды, ол ресми түрде мемлекеттік мереке деп жарияланды. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация еліміз Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі болып табылады. Бұл құжатта Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жария етілді.  Осы тарихи оқиғадан кейін елімізді дүр сілкіндірген және КСРО-ның ыдырау үрдісін тездеткен 1991 жылғы тамыз бүлігі болады. Бұл бүліктің басталуына 1991 жылдың көктемінде Одақ пен егеменді республикалар арасындағы қарым-қатынастардың жаңа сатыға көтерілуі өз септігін тигізеді. Осылайша Кеңес Одағының ыдырауын тездеткен «Тамыз бүлігі» КСРО құрамында болған одақтас республикалардың өз тәуелсіздіктерін жариялауына септігін тигізді. 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақ халқы, қазақ­стан­дықтар демократия­лық, өрке­ниеттік жолмен тұңғыш рет Президент сайлады. Бұл қазақ тари­хында бұрын-соңды болмаған оқиға болатын. Алайда тәуелсіз мемлекетіміз жаңадан құрылған шақта инфляция, жай инфляция емес, гиперинфляция орын алып, дүкендердің сөрелерінде халық тұтынатын тауарлар мүлдем жоғалды. Көптеген өндіріс орындары тоқтап, мекемелерде жалақы төленбей, зейнеткерлер де зейнетақысын уақтылы ала алмады. Осындай тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары ауыр кезеңдер  саяси ерік-жігері жоғары, елге қатысты аса маңызды ше­шімдер үшін жауапкершілікті өз мойнына жүктеген Елбасының жағдайы VII ғасырда түрік қағандарының бастапқыда көрген  қиыншылықтармен салыстыруға тұрарлықтай еді. Сол уақыттары түркі қағандары, әсіресе түркілердің бiрлiгiн сақтай отырып, елдiң мұңы мен жердiң қамы үшiн  соғысып, «Жалаңаш халықты тоңды, аз халықты көп қылған» Білге қағанға құт-береке өздігінен оп-оңай келмегенін былайша келтіреді: «Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Інім Күлтегінмен, екі уәзіріммен өліп-тіріліп құрадым... Мен өзім қаған болғанда жер-жерге тарап кеткен халық өліп-жітіп, жаяу-жалаңаш қайта келді. Ең бірінші болып телес тайпасы оралды. Түргештер, қырғыздар бөрілі байрақ астына жинала бастады. Бұлардың бірқатарын айла-ақылмен, бірқатарын әскери күшпен қиратуға тура келді. Терістікте оғыз халқына қарсы, ілгері қидан, татабы халықтарына қарсы, бербері табғашқа қарсы үлкен әскермен он екі рет соғыстым». Өмір жолдары мен қызметтері Түркі қағандарына ұқсас және елді тығырықтан алып шығу үшін Білге қағандай шапшаң қимылдаған Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев кемел келешекке бастайтын батыл қадам­дар жасап, сарабдал саясаттар жүргізіп, жасампаз еңбектің тамаша үлгісін танытып, әрдайым биік асуларды бағындыруының басында тұрды. 1991 жылғы 10 желтоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Елбасының жасаған ұсынысының негізінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы деген атаудан Қазақстан Республикасы деп өзгертілді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Республиканың Жоғарғы Қеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданып, сол Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланады. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Н.Назарбаев сайланды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың қажымас қайраты мен табан­ды­лығы, көреген саясат­керлігініңарқасында Қазақстан өз тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Терезесі түгел елмен тең деңгейге жетті. Ғасырлар бойы бабалар армандаған Тәуелсіздіктің Туы көкте көтерілді. 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнап, өзінің қазақстандық даму жолын таңдады», - деді Қожамжарова.

Оның атап өтуінше, Президент Н.Назарбаевтың қол қойған алғашқы Жарлықтарының бірі - 1991 жылғы тамыздың 29-ындағы «Семей полигонын жабу туралы» Жарлық болды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне  мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды. Қазақстан  әлемдегі ауқымы жөнінен төртінші ядролық арсеналдан өз ықтиярымен бас тартты. Елбасы осылайша тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан-ақ аймақтағы және әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аса  ықыласты екенін айқын әрі нақты ісімен білдірді.  Қабылдаған мұндай шешімдері мен жасаған осындай қадамдары үшін Қазақстанды бүгінде барша әлем құрметтейді. Қазақстандықтардың берік қол­дау­ы­на арқа сүйеп, халқының жасам­паздық күш-қуатына кәміл сенген Президент жан-жақтылығы мен қарқыны жөнінен теңдессіз экономикалық және саяси реформаларды табысты жүргізуді қам­та­масыз ете білді. Бұдан басқа Н.Назарбаевтың басшылығымен жаңа Астананы тұр­ғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасы­ның жаңғырту жобасының басты табысының символына айналды. Қазақ­станның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы болып, елдің өткенінен болашаққа, жаңа дәуірге ауысуының нышандық оқи­ғасына айналды. Сондай-ақ, Астананың көшіп келуімен Қазақстанның солтүстік аймағы, шекарасы нығайтылды. «Қазақтың бес облы­сы - Ресей жері» деген түсінік жо­йыл­ды. Оны­мен тоқтамай, солтүстік ай­мақ­тағы этно-демографиялық жағдайды реттестірді.

Н.Назарбаев саясатқа алып келген бір­қатар принципті жаңалықтардың бірі - Пре­зи­денттің Қазақстан халқына Жолдаулары еді. Жалпы Жолдаулар басқа елдерде де қолданылады, бірақ олар әдетте міндеттердің белгілі бір шеңберінен аспайды да, жоғары заңдылық органға ғана бағытталады. Ал Қазақстанда мемлекет басшысының жолдаулары бүкіл халыққа арналып, онда бүкіл елдің алдында міндеттер қойылады және елдің жан-жақты дамуының келер жылға, одан да ұзақ мерзімге арналған негізгі басымдықтары мен жоспарлары айқындалады. Әрбір азаматтың өмірінің сапасын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандыру, жастарға қолдау көрсету - бұл жайттардың барлығы Президенттің халыққа әр Жолдауында көрініс табады.

Президент Н.На­зарбаев елдегі экономика­лық прин­­циптің өзгеруіне де ықпал етіп, әлеуметтік тұрғыдан бағ­дарлан­ған нарықтық экономи­каның тұ­жырымдамасын жасады. Нәтижесінде Президент Н.Назарбаевтың жүзеге асырған эко­но­микалық үлгісі әлемдік дағда­рыс кезеңінде ең тиімді және тұрақты болды. Өйткені Мемлекет басшысы жаһандық ауқымдағы саясаткер ретінде, дағдарыстың қайнарларын зерттеп қана қойған жоқ, сонымен қатар барлық деңгейде (жалпы әлемдік, аймақтық, мемлекеттік) оны ығыстырудың жүйелік шараларын ұсынып, Қазақстанның дамуына әлемдік дағдарыстың ықпалын ырықсыздандырып, қа­лыпты өсу траекториясына дереу оралуға алғышарттар жасалайды.

Тағы бір өзекті бағыттың бірі - Президент Н.Ә.На­зар­­ба­ев­­тың зияткер ұлтты қалып­тас­тыру бағыты. Жаңа көз­қарас­та­ғы қазақстандықтарды тәрбие­леу, адамзаттық капиталдың жаңа деңгейі - жаңа экономиканы қалыптастырудың басты ше­шімі болып табылды. Жалпы алғанда қазіргі таңда Қазақстан Елбасының салиқалы жүргізген саясатының арқасында әлемнің ең қар­қынды дамыған 30 елінің қатарына нық қадам басты. Барлық қала­ларда, аудан орталықтарында, ауыл­дар­да жаңа ауруханалар, бүгінгі заман­ның мектептері ашылуда. Тіпті, жа­һандық дағда­рыс жағдайында да әлеуметтік саланы өз қамқорына алған Елбасымыз еңбекақы мен зей­нет­ақыны өсіруде. Жаһандық мәселелер талқыға түсіріп, жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатқан кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумдардың Қазақ жерінде өтуі - Тұңғыш Президентіміз, әлемдік дәрежедегі сара саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық дәрежедегі үлкен беделінің арқасы екендігі даусыз. Осындай көшелі істердің жалғасы ретінде EXPO-2017 көрмесін өткізу болып отыр. Адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірі - Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін ұйымдастырудың 160 жылдан астам тарихында Орталық Азия аймағы, тіпті ТМД мемлекеттерінің ешқайсысында да Халықаралық көрме жалауы желбіреп көрген жоқ. Осыдан тура төрт жыл бұрын бұл құрметке тарихта алғаш рет Тәуелсіз Қазақстан ие болды. Егемен еліміз үшін ғасыр сыны іспетті осы бір жаһандық шараны өткізу бастамасы Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен іс жүзіне асырылуда.

«Қазақстанның Тәуелсіз­дігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұштасып жатқандығын, олардың бір-бірімен ажырағысыз егіз ұғым екендігін ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр. Біле білсек, халқымыз  Тәуке ханның тұсындағыдай «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүріп жатыр. Тіпті Елбасының да атқарып жатқан игі істері де сол әз-Тәукенің жасаған қызметімен сабақтасып жатыр десе де болады. Мәселен Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі сонда оның жүргізген саясаты хандыққа тыныштық пен бейбітшілік орнатуға бағытталған. Елбасымыздың да түпкі мақсаты да елін бейбіт ғұмыр орнату. Тәуке ханның хандықты басқарудағы өзге қазақ хандарынан ерекшелігі оның шын мәнінде көреген басшы, ақылды реформатор екенін танытанын қасиеті де осы өзіндік жолмен жүріп, мемлекеттің ішкі жағдайын реттеуде саяси-құқықтық тәртіп пен ақыл-ой, парасат үстемдігін орнату болып табылса, Елбасы да  конс­титуциялық және құқықтық жүйені эволюциялық тұрғыда сатылап реформалау арқылы мемлекеттік билік­тің теңгерімді де тиімді жүйесін қа­лып­тастырды. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік - берекесін кетірер ішкі дау-жанжалды тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында Тәуке хан Қазақ хандығының жағдайын күрт жақсартып, сыртқы жаудан қорғаса, ал Н.Ә.Назарбаев болса қазіргі Қазақ мемлекетінің даму деңгейін жоғарлатып, әлемге айбарын асырды. Жұрт ерді ел қолдаса - береке, ханды ел қолдаса - мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез - халық есінде тыныш та берекелі заман болып, ал әз-Тәуке ханның өзі халық жадында күні бүгінге дейін асқан кеңмеңгер, дана ақыл иесі ретінде де сипатталса, Елбасымыздың есіміне халқы әлі-ақ Әз (данышпан) сөзін жалғап атайтын болады. Тәуелсіздік - ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні - ең қастерлі күн.

Қазақ халқында бағзы замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан, «Жерұйық» ұғымы қалыптасқан. Ұлт дүниетанымында қанық бояумен жазылған аталған ұғымның мән-мағынасына бойлау үшін ұлы даланың тарих қойнауына көз жүгіртіп, Ықылым заманда «Желмаясына мініп жерұйығын» іздеген Асан Қайғының идеясы халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына, мұрат-мақсатына ұласты. Бабаларымыз «Жерұйық» жерді, құтты мекенді аңсап төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат етті. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлтымыздың болашағына қатысты ұлы бағдар ретінде еліміздің рухын көтеретін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы «Қазақстан жолы 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында жария етті. Еліміздің ұзақ мерзімді дамуына даңғыл жолды бастайтын Елбасының осы стратегиялық маңызды Жолдауында айтылғандай «Мәңгілік Ел» идеясы елімізді өз мақсатына  талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Тарихқа үңілсек, «Мәңгілік Ел» идеясын «Аш құрсақты тоқ еттік. Шығай (кедей) халықты бай еттік. Дүйім түрік оғыз халқы, бектері тыңдаңдар! Қара жер қақ айырылып кетпесе, түрік халқы еліңді, билігіңді (мемлекетіңді) кім құртады?! Жұдырықтай жұмыл! Өткеніңе өкін! Түрік халқына бірлік, билігіне қанағат, бектеріне нысап керек!» деп Көк тірегін көк тасқа өшпестей қашап жазып қалдырған көне дәуірден басталады. Демек бабаларымыз «Мәңгілік Ел - мұраты түрік төрінің  (билігінің) мұраты» деп осыдан 1300 жыл бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Ал, бүгінгі таңда бірнеше ғасыр бұрын ұлы Түрік қағанаты  қағандары мен абыздарының жариялап, іргесін қалап кеткен «Мәңгілік Ел» идеясын ХХІ ғасырда тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясы ретінде Елбасы Н.Назарбаев ынтымағы жарасқан халқымен бірге іс жүзінде жаңғыртып отыр. Мемлекет басшысы: «Мен - өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын» деген болатын. Қандай да болсын ауқымды да, келелі жалпы халықтық істерді орындау кім көрінгеннің қолынан келе бермесі ақиқат. Ол үшін халықты ұйыс­тырып, ұлы мақсаттарға жете­лейтін патриоттық, ұлттық идея керек екені, күмәнсіз шын­дық. Бүгінгі жаһандану дәуі­рінде «Мәңгілік Ел» идеясы бағзы түркі­лік тектік-болмысымыздың, асыл тұр­па­тымыздың заманауи қай­та жаң­­ғыруының, озық, қуат­ты ел болып гүлде­нуінің кепілі. Осы ақиқ­ат біздің баршамызды бір мақ­сат, бір мүдде жолында Ел­басының төңірегіне бірі­гіп қызмет етуге жетелейді дегім ке­леді. Ауызбірлік пен түсі­ністік, қа­ра­пайым сыйластық үстемдік құр­ған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан этнос­тар тұтастығы мен достығының ар­қасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпэтносты халқы­ның татулығы, ын­ты­мақ­­тастығы, бейбітшілігі - біздің елі­­міздің ең басты байлығы», - дейді Қожамжарова.

 

Соңғы жаңалықтар