Дәрігерлердің ерлігін ұмытып кеттік - Перуашев өтемақысыз қалған медқызметкерлер жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақ жол» фракциясының депутаттары өтемақы ала алмаған дәрігерлердің мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«21 қазанда Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 ауруымен ауырған медицина қызметкерлеріне төлем берілмейтінін хабарлады. Вице-министр Марат Шоранов айтқандай, мен нақты сөзін келтірейін: «Бұл сақтандыру жағдайы емес, бұл төтенше жағдай мен карантин кезеңінде болған тәуекел үшін бір реттік төлем болды. Қазір ауруханаларға артық салмақ түсіп тұрған жоқ, дәрігерлердің өлім қаупі нөлге теңесті». Егер дәрігерлер мен медбикелер инфекцияны жұқтырса Денсаулық сақтау министрлігі оларды кәсіподақтар мен жергілікті атқарушы органдардың есебінен қолдау шараларын қарастыруды ұсынады», - дейді Азат Перуашев Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің бұл шешімінен тура екі апта бұрын Президент коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте медицина қызметкерлеріне бонустарды «сандармен ойын» жасамай, бюрократиялық кедергілерді тоқтатып, тез арада төлеуге бұйрық берген.

Ал осыдан бірнеше күн бұрын «Nur Otan» фракциясының депутаттарының кеңейтілген отырысында депутаттар шенеуніктердің бюрократиясына байланысты медицина қызметкерлеріне төленетін төлемдердің бұзылуының көптеген фактілерін қатал сынға алған.

«Ақ жол» фракциясының депутаттарына әртүрлі аймақтардағы дәрігерлерден шағым көп түсіп жатыр. Ең қиын кезеңде отбасын көрмей, ауруханада басын бәйгеге тіккен дәрігерлер қазір кабинеттерде табан тоздырып, бюрократияның зардабын шегуде. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Президенттің тапсырмалары мен қоғамның наразылығына деген «жауабы» осы. Керісінше коронавирусқа қарсы соғыстың алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге мемлекет қамқорлық жасайтынын және қиын-қыстау кезде оларды қолдайтынын көрсету маңызды болар еді. Вице-министр жергілікті бюджетке және медициналық қызметкерлердің кәсіподақтарына төленбеген төлемдер үшін жауапкершілікті жүктегендіктен, біз бұл органдардың мүмкіндіктерін білуге тырыстық. Естеріңізге сала кетейік, бұрын жұмыс орнында ауырып қалған дәрігерлерге - 2 миллион теңге, қайтыс болған жағдайда олардың отбасына - 10 миллион теңге төленетін болған», - дейді ол.

Азат Перуашев бұл жағдайда кәсіподақтар емдеу жәрдемақысы ретінде 3 айлық көлеміндегі төлемді бере алатынын хабарлағанын жеткізді.

«Бүкіл отбасы ұзақ уақыт бойы емделіп жатса бұл ақша жетпей де қалуы мүмкін. «Ақ жол» депутаттық фракциясы біздің дәрігерлердің жанқиярлығына деген осындай көзқарасқа наразылығын білдіреді. Денсаулық сақтау министрлігі өз сөзінде тұрмағаны ма? Бірақ егер вице-министр айтқандай, инфекция қаупі «нөлге дейін төмендетілсе», онда бюджеттің шығындарынан қорқатын не бар? Мұндай шешімнен мемлекеттің беделдік шығындары әлдеқайда қымбат болады. Үкіметтен осы мәселені қайта қарап, аталған төлемдерді сақтап қалуын сұраймыз. Әйтпесе, қиын сәтте біздің азаматтарымызды құтқаратын ешкім болмай қалуы мүмкін. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігінің мұндай жағдайы маусым-шілде айларында болған, онда екі медбике күндіз-түні төсек арасында жүгіріп өтіп, ондаған науқасқа жүйелер мен оттегі аппараттарын орнатқан. Қалай болғанда да біз қалған дәрігерлерге көмектесу үшін студенттер мен еріктілерді шайқасқа қалай лақтырғанымызды тез ұмытып кеттік», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар