Дәрігер тапшылығы: 31 мың маман жұмыстан шығып, 1200 дәрігер шетелге кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ДСМ республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев елдегі медицина мамандарының не себепті жұмыстан кететінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медицина мамандары тапшылығының негізгі себебі – қызметкерлердің бір орында тұрақтамауы болып отыр. Өйткені, еңбекақы төлеу жүйесі толық жетілмеген, медицина қызметкерлерін ынталандыру, құқықтық қорғау мен әлеуметтік қолдау да өте төмен. Биылғы 10 қазанда жүргізілген зерттеуге сәйкес, бір жылда 31 129 медқызметкер (дәрігерлер мен орташа медициналық қызметкерлер) жұмыстан шыққан. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 9,3% төмен», - деді Қ. Төсекбаев Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифингте.

Жұмыстан шығудың негізгі себептері ретінде қызметкердің өтініші, тараптардың келісімі, штаттың қысқаруы және басқа да жайттар көрсетілген. Басқа жайттар арасында маманның қайтыс болуы, ауруға ұшырауы, мүгедектік және зейнет жасына шығу себептері бар.

«Сыртқы миграция бойынша Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары көш бастап тұр. 2019 жылы медициналық білімі бар 1212 маман Қазақстан аумағынан көшіп кеткен. Олардың көшуінің басты себептері – тиімді ынталандыру тәсілдерінің болмауы, психоэмоциялық жүктеме, кәсіби даму мүмкіндіктерінің болмауы, құқықтарының төмен дәрежеде қорғалуы және әлеуметтік кепілдіктердің болмауы.

Сонымен бірге, медициналық білімі бар мамандардың ішкі миграциясына 11278 адам қатысқан. Әсіресе, Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына медициналық мамандар көптеп ауысқан.

Айта кетейік, Қазақстанда 4122 штаттық орынға дәрігерлер қажет. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, жалпы практикалық дәрігер, зертханашы дәрігер, акушер-гинеколог, инфекциялық дәрігерлер жетіспей жатыр. Орта медициналық қызметкерлер арасында 8583 бос штаттық орын бар.


Соңғы жаңалықтар