Дариға Назарбаева мемлекеттік қызмет көрсету саласында тәртіп орнатуға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Палата отырысында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша заң жобасын қарау барысында мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың көптеген деректері туралы айтып, осы салада тәртіп орнатуға шақырды.

Бұл туралы Жоғары Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Сенат басшысы заң жобасын талқылау барысында «Transparency International» халықаралық ұйымының «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайының мониторингі» баяндамасындағы мәліметтерді келтірді, онда полиция, мемлекеттік жоғары оқу орындары, колледждер, балабақшалар, сот, қала құрылысын бақылау, жер қатынастары, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары, әскери комиссариаттар, көші-қон қызметі көш бастап тұрғаны айтылады. Баяндамада сонымен қатар сыбайлас жемқорлық себептерінің алғашқы ондығы арасында мамандарда емделу және қабылдауында болу; жұмысқа орналасу; жер телімін алу және ресімдеу; баланы балабақшаға орналастыру және тағы басқа мәселелер бар.

«Жұртшылық оны тезірек ресімдеу үшін ғана төлейді. Қазір біз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асырып отырмыз. Дегенмен, баяндамада келтірілген мәліметтер бізде бәрі жақсы емес екенін көрсетеді», - деп түйіндеді Д. Назарбаева.

Сенат басшысы осыған байланысты цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспановтан «Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Ұзаққа созылуы және мерзімдерге байланысты не болады? Барлық білім беру мекемелерінде ақпараттандыруды жеделдету үшін не істеу керек?» - деп сұрады.

Сұраққа жауап бере келіп А.Оспанов қазіргі кезде мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша 500-ге жуық жол картасы бекітілгенін хабарлады. «Бұл жұмыстар жалғасын табуда, әр екі апта сайын біздің комиссияның отырысы болады, барлық ескертулер қаралады», - деді ол.

Мемлекеттік қызметтер көрсетудегі әуре-сарсаң мен мерзімінің сақталмауына байланысты проблемаларды шешу жөнінде қандай шаралар қолданылғаны туралы Сенат Төрағасының сауалына мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешов жауап берді. «Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттік органдар мұндай қызметтерді көлеңкеден шығаруға мүдделі емес. 2015 жылдан бастап тізілімге 170 жаңа мемлекеттік қызмет енгізілді, оның ішінде агенттіктің бастамасымен 77 қызмет ұсынылды», - деді ол.

Талқылау қорытындысы бойынша Парламент Сенаты мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерді қабылдады.

Соңғы жаңалықтар