Дариға Назарбаева БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Наталья Германмен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының жетекшісі Наталья Германмен кездесті. Бұл жөнінде Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Кездесу барысында өңірлік ынтымақтастық, превентивті дипломатияны нығайту, әйелдер мен жастар бастамаларына қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

Сенат Төрағасы Қазақстанның БҰҰ бастамаларын қолдайтынын, еліміз үшін Ұйым мен оның құрылымдық мекемелерімен қарым-қатынас орнату сыртқы саясаттың басым бағыттары екенін атап өтті.

«Біз БҰҰ басшылығына Қазақстанның халықаралық бастамаларына тұрақты қолдау білдіріп отырғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Оған Бас хатшы А.Гутьериштің 2016 жылғы Қазақстанға сапары айқын дәлел», - деді Д.Назарбаева.

Өз кезегінде Наталья Герман Қазақстан әлемде экономикалық және әлеуметтік дамудың таңғажайып моделі ретінде қабылданатынын айрықша атап өтті.

«Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік ісіне зор үлес қосып келеді. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңіздің маңызды стратегиялық жобаларға белсенді қатысып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан қазір Қазақстанның Орталық Азия елдерінің әйелдер ұйымы желісін құруға қатысқаныңызды қалаймыз. Мені осы идеяға Сіздің Ауғанстандағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту бойынша өткізген өңірлік конференциясы шабыттандырды»,- деп атап өтті Н.Герман.

Дариға Назарбаева бұл бастамаға қолдау білдіретінін жеткізді.

«Әйелдер қауымын мемлекеттік басқаруға қатыстыру, экономикалық және әлеуметтік өмірге араластыру мүмкіндігін кеңейтуді қолдау қажеттігі сөзсіз. Осы жылы біздің палатамызға сенатор әйелдер қосылды. Бұл өте жақсы. Бірақ онымен тоқтап қалмаймыз. Елімізде нәзік жандарды нәтижелі жұмыспен әлеуметтік көтермелеу - басым бағыт болып отыр», - деді Сенат спикері.

Сондай-ақ, кездесу барысында жастар мәселесі сөз болды. Н.Германның айтуынша, бүгінгі күні Орталық Азия өңірінде 29 жасқа дейінгі 50 пайыздан астам жастар өмір сүріп жатыр. Сондықтан биылғы жылы оның басшылығымен жастар арасындағы превентивті дипломатияны дамытуға қолдау көрсету жөніндегі орталық құрылатын болады.

Дариға Назарбаева Өңірлік орталықтың осы салада атқарып отырған жұмыстарын жоғары бағалады.

«Өңір жастары үшін Превентивті академияны іске қосуды жоспарлап отырғаныңызды білеміз. Бұл бастама біздің еліміздің жастар саясатына сай келеді, сонықтан біз үшін өте қызықты. Өзіңізге белгілі, осы жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылы болып жарияланды. Жастар жылында елді, мемлекетті дамытуда жас буынға айрықша, шешуші рөл жүктеліп отыр деп сенеміз. Оларды жұмысқа орналастыруға, бизнес-стартаптарды қолдауға, волентерлік қызметті ынталандыруға бағытталған бағдарламалар бар»,- деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Сонымен қатар тараптар БҰҰ-ның Өңірлік орталығымен трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану мен қолдану саласындағы жұмысын талқылады.

«Қазақстанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылды. Жаңа Экологиялық кодекс те әзірленіп жатыр. Мұның барлығы да орталық жұмысымен үндеседі. Орталық Азия елдерімен бірлесіп, су-экология проблемаларын шешуге септігін тигізетін көп жылдық стратегия әзірлеу қажет деп санаймыз», - деді Дариға Назарбаева.





Соңғы жаңалықтар