Дариға Назарбаева Армения Ұлттық жиналысының төрағасымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Армения Ұлттық Жиналысының төрағасы Арарат Мирзоянмен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тараптар екіжақты парламентаралық қатынастарды дамытудың келешегін, сондай-ақ парламенттік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Дариға Назарбаева өз сөзінде Армения Қазақстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Еуразиялық экономикалық одақтағы сенімді әріптесі болып табылатынын атап өтті. «Біздің мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас бүгінде толық өзара түсіністік пен сенім жағдайында қарқынды дамуда. Біз оны сақтай отырып, халықтар игілігі үшін одан әрі дамытамыз деп үміттенемін», - деді ол.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының басшысы сондай-ақ ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА, Парламентаралық Одақ және ЕҚЫҰ ПА аясындағы көпжақты байланыстарды дамытуды маңызды деп санайды.

Дариға Назарбаева Қазақстан мен Армения парламенттері арасындағы ынтымақтастық тобына ерекше назар аударды және заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу үшін оның әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Армения Ұлттық Жиналысының төрағасы Арарат Мирзоян өз кезегінде Қазақстан мен Армения қатынастарының достық және одақтастық сипатына тоқтала келіп, Арменияның Қазақстанмен екіжақты парламентаралық ынтымақтастықтың қарқынды дамуына маңыз беретінін айтты.

Кездесуден кейін Дариға Назарбаева бастаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының делегациясы Армения Республикасының Ұлттық Жиналысының паркіндегі төрағалар аллеясында ағаш отырғызуға қатысты. Дариға Назарбаеваның айтуынша, көшеттер біздің елдеріміз бен халықтарымызды байланыстыратын достықты паш етеді.

Соңғы жаңалықтар