Дархан Жазықбаев: Мемқызметтегі жастар халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымын әрдайым есте ұстауы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаевты әңгімеге тарттық.

Агенттік өкілінің айтуынша, елімізде қазіргі уақытта нақты 90 мың мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың мәртебесі, айлығының мәселесі, жалпы штат санын оңтайландыру мен жастарды осы қатарға тарту шаруасы маңызға ие екені даусыз. Билік органдарында жүрген бүгінгі кәсіби мереке иелеріне қатысты сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Дархан Медеғалиұлы, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте еңбек ету – жастар үшін қаншалықты тартымды?

- Иә, рахмет көп. Әңгімемізді бастамас бұрын еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің бәрін де кәсіби мерекесімен құттықтағым келеді. Мемлекетке қызмет – елге қызмет әрі зор жауапкершілік. Осы жолда барша әріптестерімнің еңбегі жемісті болсын!.

Жалпы жастарды мемлекеттік басқарушы органдарға, квазимемлекеттік басқарушы компанияларға тартып, білімді әрі білікті, өршіл, халықтың жағдайын ойлайтын азаматтарға мүмкіндік беру - Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың агенттіктің алдына қойып отырған тапсырмасы. Себебі өзіңіз білетіндей, былтыр желтоқсан айында Президенттік кадрлық резерв арқылы 300 адамды жасақтау жұмысын аяқтаған едік. Қаңтар айында Мемлекет басшысы сол 300 жасты қабылдап, бағыт-бағдар беріп, ерекше көңілмен қолдау көрсетті. Бұл – жалпы жастарымызға үлкен демеу деп ойлаймын. Жастар жылы дәл осындай қолдаумен өте табысты аяқталды.

Қазір жастар мемлекеттік қызметке келіп, жұмыс істегісі келеді. Бірақ бүгінгі күнгі нарықтық экономикаға байланысты көптеген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі жастарымыз жақсы жалақы алып, істеген жұмысына қарай әлеуметтік тұрғыда қорғалсам дейді. Біз әлемнің бір бөлшегіміз. Әлемде болып жатқан өзгерістер бізге де келеді. Жастар алыс-жақын шетелдегі басқа мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалу жағына да мән беріп қарайды, салыстырады. Ол жағынан біздегі мемқызметшілердің мәртебесі керемет болмағанымен қазіргі таңда елдегі 90 мың әкімшілік-мемлекеттік қызметшінің 20 мыңнан астамы – 22,4 пайызы жастар. Әйтсе де мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптарды оңтайландырумен қатар олардың әлеуметтік-материалдық жағдайы да жақсарып келеді. Сол себепті кәсіби біліктілігі жоғары жастарымыз, әсіресе мемлекеттік тілді қазақ жастары тарапынан қызығушылық жоғары деп айтуға болады.

Бұл тұрғыда менталдық ерекшелік барын айта кетуіміз керек. Себебі, жастардың «елге қызмет етсем» дейтін арман-тілегі таза, болашаққа деген сенімі мол. Осы жағдайды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та көріп отыр. Мемлекет басшысы жастарға нақты жауапкершілік жүктеді. Байқасаңыздар, 300 жас өреннің кадрлар резервіне алынуы, оларға маңызды қызметтерді тапсыру – елімізде бұрын-соңды болып көрмеген оқиға. Бұл қадам – бүгінгі күннің талабы.

Алдағы уақытта өтетін Парламент сайлауының нәтижесінде депутаттардың кем дегенде 20 пайызын жастар құрайды. Яғни жас буынның біраз өкілі заң шығарушы билікке келеді. Бұл да ерекше құбылыс болайын деп тұр. Сондықтан да жастарымыз бір нәрсені қатаң ескергені жөн – елге қызмет ету жолында шалыс баспай, әрдайым халықтың пікіріне құлақ асатын билік тұжырымын есте ұстаған абзал.

«Мемлекеттік қызметтен не аламын?» деп емес, «Мемлекетке не беремін? Мен Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру үшін қандай жауапкершілікті алуым керек» деп ойлауы керек.

Шыны керек, салыстырмалы түрде сөйлесек айналып келіп тарихқа жүгінеміз. Қанша зобалаңды көрдік, зұлматты бастан кешірдік. Сол кездегі зиялыларымыз, аталарымыз «елден бір нәрсе аламын» деп қызмет етпеген. Елді сақтауды ойлаған. Осы жолда қаншама арысымыз өзін құрбан қылды. Біздің жастар өткенін ұмытпауы керек. Мемлекеттік қызметшілер осы қағиданы әрдайым санасынан шығармаса деймін.

Естеріңізде болса жастармен кездесу кезінде Мемлекет басшысы олардың есіне Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін еске салған болатын. Түсінгенге – бұл үлкен үндеу. Президент осы үндеуімен жастарды елге адал қызмет етуге шақырып отыр.

Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілерді көп сынап жатады. Қоғам талқысына түсіп жататындары қаншама. Бірақ сол мемлекеттік қызметтегі жастар қайдан шықты? Адамды қалыптастыратын орта ғой. Бала кезден адамның мінезіне, оқуына, білімі мен тәрбиесіне отбасы жауапты. Өсе келе бала достарының, кейін ағайын-тусының ортасына келеді. Сонда мемлекеттік қызметші болып, оған елге қызмет етуге кім әсер етеді? Әлбетте орта! Мемлекеттік қызметші нашар болса, оны қоршаған ортада бір кілтипан бар деген сөз. Ал бізде бірден мемлекеттік қызметшіні айыптап шыға келеді. Ал мемлекеттік қызметші – осы ортадан, қоғамнан шығып отырған Қазақстанның азаматы. Сол себепті мемлекеттік қызметшіге ортаның тигізер әсері бар деп ойлаймын.

- Мемлекеттік қызметшілердің сақ болу керектігін айтып жатырсыз. Әйтсе де сақтықты ойламай, ақыры әртүрлі әрекеттері үшін әлемжеліде көптен кешірім сұрап жататындары бар. Екінші жағынан мемқызметшілер де өзіміз қатарлы адамдар – біреуге аға, біреуге бауыр, ағайын, дос. Той-жиындарда билеген бір видеосы тараса да көптің талқысына ұшырап кетуі мүмкін. Мемқызметшілерге осынау тыйым мен рұқсаттың ара-жігін түсіндіріп бересіз бе?

- Сақ болу туралы әңгімемнің өзегі – мемлекеттік мүддеге сақ болуға қатысты ой. Себебі біз мемлекет мүддесін басқа мемлекеттің алдында да қорғаймыз. Мемлекеттің мүлкін таза ұстауымыз керек. Осы жағынан сақ болу керектігін айтып жатырмын.

Олардың этикасына келсек, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп жөніндегі кодексі қайтадан қаралуда. Шетелдік мемлекеттердің Әдеп кодекстерін талдап, салыстырмалы түрде қарап та көрдік. Расымен де бізге қоғам тарапынан бақылау болуы керек. Президент өзі айтқандай «әр әкімді халық бағалауы керек». Бірақ қай жағынан? Оның жұмысы қадағалануы тиіс. Яғни мемлекеттік қызметте жүрсеңіз жұмыстағы артықшылықты өз мүддеңізге пайдаланбауыңыз керек.

Ал жұмыс уақытынан кейін достарымен барып, кешкі ас ішсе немесе ағайынның қуанышына барса – онда тұрған ештеңе жоқ. Ол жерде ең басты ол дөрекілік көрсетпеуі тиіс. Жалпы қоғамдық ортада тәртіп бұзбау – жалғыз мемлекеттік қызметшіге байланысты емес. Бәрі де заңды сақтауға міндетті. Сондықтан егер мемлекеттік қызметші өзін тәртіпті болып жүрсе – онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Жұмыстан кейін шектеу болмауы керек.

- Президенттің тікелей ұсынысымен кадрлық резерв бойынша іріктелген 300 жас өреннің қаншасы мемлекеттік қызметке орналасты? Олар сенімді ақтап жатыр ма?

- Осы күнгі мәліметке сай, кадрлық резервке іріктеліп алынған 300 азаматтың 137-сі қызметке орналасты. Олар министрліктің жауапты хатшысынан бастап, облыс әкімінің орынбасары, аппарат басшысы немесе министрліктердегі департамент директоры қызметтеріне тағайындалып жатыр. Әлі де ұсыныстар берілуде. Аудан әкімінің орынбасарлығына немесе басқа да жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жолданды. Әйтсе де жастардың бірқатары орталықтан көшкілері келмейді. Шалғай аудандарға барғысы жоқ. Дегенмен жауапкершілігі мол жұмысты тәжірибесі бар жас азаматтар, әрине айтулы лауазымдарға қойылады.

Іріктеу жұмысы бекітілген тәртіпке сай жүргендіктен, бұл жастардың этикалық талаптарға да сай болуын қатал бақыладық. Сондықтан осы күнге дейін сенім ақталмады дейтіндей факт тіркелген жоқ. Олардың білімі мен біліктілігіне байланысты ескертулер түскен емес. Керісінше, қоғам тарапынан болсын, жұмыс беруші мемлекеттік орган тарапынан болсын жағымды пікірлерді көп естимін. Бәрі жұмыстарын адал атқарып жатыр.

- Былтыр Анар Нұралықызымен (Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы) сұхбаттасқанымда «2024 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлердің санын 25 пайызға дейін азайту» туралы Президенттің тапсырмасы жайлы әңгіме өрбіткен едік. Анар Жайылғанова оның алдында міндетті түрде сараптама жүргізілетінін мәлім еткен. Осы сараптама жұмыстары жайлы айтып берсеңіз.

- Жалпы қызметтік штат санын тұрақты түрде қарап, артығын қысқартып отырған жөн деп ойлаймын. Себебі кез келген мекеменің жыл өткен сайын құзыретіне кіретін сұрақтары да кеңейіп, штат саны ұлғаюға бейім тұрады. Мұны әкімшілк басқару ғылымында «Паркинсон заңдылығы» деп атайды. Сондықтан бір реттік қысқартумен мәселені түбірімен шешіп тастау деген - үстірттеу көзқарас. Дегенмен, қысқарту жұмыстарының да қисыны болуы тиіс. Бұл арада белден басу емес, тиімділік пен негізділік қағидалары басшылыққа алынғаны жөн. Мәселен, бірін-бірі қайталайтын өкілеттіктер бар немесе құзыреттің пәніне кіретін сұрақтар мемлекеттік органның тағайындауымен сыйыспай жатады. Жалпы, әр мемлекеттің ішкі және сыртқы фунцияларына сай мемлекеттік органдардың жүйесі түзіледі. Әрбір функцияның жұмыс істеуі үшін қандай да бір ведомство құрылып, оның мақсаты мен міндеттері айқындалады. Осылардан шыға отырып құзырет пен өкілеттілік белгіленеді. Құзырет дегеніміз мемлекеттік органның қарауына жататын сұрақтар, ал өкілеттік деп сол сұрақтарды игеруге қажетті құқықтар мен міндеттердің жүйесін атаймыз. Бұлардың сыртында мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөлініп, олардың өзара тепе-теңдік және тежемелік қағидаға сәйкес жұмыс істеу тәртібі тағы бар. Мұның да табиғатын ескеру қажет. Байқап отырсаңыз осы айтылған дүниелердің бәрінде бірін тартсаң (жалқы) екіншісі (жалпы) шығатын логикасы тастай өзара байланысты құрылым жатыр. Осыларды кестеге салып іріктеп, сүзіп шығу қажет. Сонда ғана артық-кемі білініп, толыққанды тұжырым айтуға болады. Мұны бүгін Ұлттық экономика министрлігі қарастырып жатқандықтан, біз көрсеткен мәселелерге дұрыс мән берілсе, ұтымды шешім қабылданады деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы 2024 жылға дейін мемлекеттік қызметшілердің санын 25 пайызға дейін азайту туралы Үкіметке тапсырма берді. Жалпы штат санын қысқарту, көбейту немесе мемлекеттік басқару тетіктерін ары қарай жетілдіру жұмысы Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген. Солардың құзыретіне кіреді. Ал біз талаптарымыз бен ұсыныстарымызды оларға бердік. Ол ұсыныстар ескерілсе бұл жұмыс сәтті атқарылады деген ойдамыз. Себебі штаттардың қысқаруы немесе көбеюі – алдымызға қойылып отырған стратегиялық маңызы бар жұмыстарға байланысты. Кейбір министрліктерге стратегиялық маңызы бар құзырет жүктелер болса, әрине оларда қосымша департаменттер ашылып, штат саны көбейеді. Ал кейбір жерде функцияларын зерттей отырып, құзыреті болмаса органдарды қысқартып отыру керек.

- Нұр-Сұлтан мен Маңғыстау облыстарының әкімдіктері, қатеселеспесем, Әділет министрлігінде пилоттық режімде әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы берудің жаңа жүйесі енгізілген болатын. Жоба нәтижесін Анар Жайылғанова 2019 жылдың желтоқсанында шығатынын айтқан еді. Сол жобаның нәтижесі не болды? Пилоттық жобаның тәжірибесі басқа өңірлерге енгізілетін болды ма?

- Мемлекеттік қызметшіні ынталандырудың заманға сай құралы ретінде, оған ақы төлеудің жаңаша тәртібі (факторлы-балдық шкала бойынша) ілкі жоба ретінде бірқатар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар да енгізілген болатын. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» реформасына енгенін білесіз. Бүгін де әлі эксперименттен өтіп жатқан жайы бар. Сондықтан қандай да бір пайым айту әлі ертерек.

Өзіңіз білетіндей Әділет министрлігі, Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттік, Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысының әкімдіктері осы жүйені тестілеуден өткізіп жатыр. Бұған жақында Атырау, Қарағанды және Павлодар облыстары қосылды. Бұл сұрақпен Ұлттық экономика министрлігі айналысуда. Жалпы жобаның бағытын дұрыс деп ойлаймын.

Еліміз бойынша мемлекеттік қызметшілердің орташа айлық жалақысы 169 мың теңге болса, өңірлерде 134 мың теңгені құрайды. Мәселенің екі жағы бар: бірінші формальды тұсы. Оған сәйкес айтылған жалақы ағымдағы заңнамалық актілерде белгіленген тұтынушылық және өмір сүру индекстері секілді көрсеткіштерді еселеп орындайды. ТМД елдерінің ішінде де бұл мәселе бойынша көш басындамыз. Бірақ өзімізде мемлекеттік қызметші болғандықтан мәселенің екінші ұшы бар – ол тұрмыстық қажеттіліктердің әрдайым өсіп отырғандығы. Сондықтан толықтай жетеді деп те айта алмаймын. Бұл арада, шығыстарды жоспарлаудың маңызы жоғары. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге көрсетілетін әлеуметтік жеңілдіктер жүйесі де бірақтар тұрмыстық мәселелердің оңтайлы шешілуіне мүмкіндік береді. Мұны да ескерген жөн.

- «Үздік ауылдық округ әкімі» конкурсын жариялап жатқаныңызды естіген едік. Осы конкурс туралы айтып өтсеңіз ?.

- Конкурс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр. Былтыр халыққа Жолдауында Президент әкімдерді алдағы уақытта халықтың өзі бағалауы керектігін айтқанын жоғарыда атап өттік. Осыған байланысты біз Президент тапсырмасын орындауды ауылдық округ әкімдерінен бастадық.

Конкурс арқылы ауылдық округ әкімдерінің халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалаймыз. Екіншіден, әкімнің жүріс-тұрысы, әдебі, елге үлгі боларлық қандай жұмыс атқарды – сүзгіден өткіземіз. Интернет ұстап тұрған жерде онлайн, яғни халықтың өзіне сұрау салу арқылы конкурстың нәтижесін шығарамыз.

Бүгінгі таңда облыс деңгейінде комиссиялар құрылған. Біздің департамент сол жұмыстарды атқарып жатыр. Конкурстың қорытындысы қыркүйек айының соңында шығады. Әр өңірден бір-бір әкім республикалық байқауға келіп қатысады. Конкурс бірегей әрі нәтижелі боларына сенемін. Қатысушылардың бәріне сәттілік тілейміз.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!


Фото: qazaqstan.tv
Соңғы жаңалықтар