Дархан Кәлетаев еліміздегі ҮЕҰ-дың негізгі ұсыныстарын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру жұмыстары 14 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда азаматтық қоғамды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспары жүзеге асырылып жатыр. Осының арқасында ҮЕҰ-ның сапалы түрдегі өсімінің кезеңі басталып кетті. 2003 жылдан бері Қазақстанда ҮЕҰ-ның саны 5 мың болса, қазірге дейін 22 мыңға жетті. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қаржыландыру көлемі 2018 жылы 22 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда ҮЕҰ-ларды қаржыландыру жұмыстары 14 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Соның ішінде осы қаржыландырудың үштен бір бөлігі әлеуметтік жобаларға жұмсалса, одан кейінгісі білім, жастар саясатын қолдауға, азаматтық қоғамды дамытуға, азаматтардың құқығын қорғауға бөлінуде», - деді Дархан Кәлетаев.

Қоғамдық даму министрінің айтуынша, жалпы ҮЕҰ секторы инстутционалдық тұрғыда қалыптасып қойған.

«Біздің осы форум алдында өңірлерге жасаған сапарларымыз үкіметтік емес ұйымдарды еліміздегі процестерге көбірек қатыстыру керектігін көрсетіп отыр. ҮЕҰ қазіргі таңда тек гранттарды алатын ғана ұйым емес, үлкен процестердің қатысушысына айналды. Қазіргі таңда қоғамдық кеңестердің саны 229-ға жетсе, олардың құрамында 4 мыңға тарта адам жұмыс істеуде. 20 орталық мемлекеттік органда және 313 жергілікті атқарушы органда ҮЕҰ-лармен жұмыс істеуге уәкілетті институттар енгізілді», - дейді министр.

Дархан Кәлетаев кеше басталған форум туралы кеңірек айта келе, біршама тақырыптар талқыланғанын атап өтті.

«Біз үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қатысты біршама сұрақтарды талқыладық. Сонымен бірге, ҮЕҰ-ларды қаржыландырудың құн жағынан ыңғайлы қағидатпен емес, жоғары сапалы қызмет үшін беру мәселесі қаралды. ҮЕҰ-дарды салықтық және қаржылық тұрғыда ынталандыру бастамалары көтерілді. ҮЕҰ-ларды қолдаудағы бизнесті қолдау қарастырылды. Халықаралық донорлық ұйымдармен серіктесу мәселесін талқыладық. Сонымен бірге, ҮЕҰ өкілдері әлеуметтік ҮЕҰ-ларға микронесиелерді бөлуді ұсынады. Стартап-жобаларды қолдау үшін инновациялық гранттар мен венчурлық капиталды бөлу идеялары көтеріліп жатыр. Яғни, айтылып жатқан мәселелердің бәрі де мемлекет пен ҮЕҰ-лардың бірлескен жұмысы механизмін жандандыруды көздейді», - деді Д.Кәлетаев.

Айта кетсек, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VIII Азаматтық форум өтіп жатыр. Форум кеше басталған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар