Дания Еспаева: Парламенттік оппозиция туралы заң жобасы – демократияны нығайту үшін жасалған қадам

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы мақұлданды. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаевадан заң жобасына қатысты пікірін білген болатын.

«Заң жобасын «Ақ жол» партиясы ұсынды. Біраз жыл бұрын біз осы құжатты Үкіметтің қарауына берген едік. Содан бері ол ЕҚЫҰ бағалауынан өтті. Былтыр күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің отырысында Парламенттің көппартиялы болуын айта келе оппозиция туралы заң жобасын әзірлеу керектігін жүктеген болатын. Осыған орай, біздің партия тарапынан әзірленген осы заң жобасын Мәжілістің қарауына енгіздік. Бүгінгі отырыста сол заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жолданды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Дания Еспаева.

Мәжілісмен аталмыш заң жобасына парламенттік оппозиция түсінігі енгізілгенін еске салды.

«Қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде 7 комитет бар. Осы комитеттердің бірінің төрағалығын парламенттік оппозицияға беру міндетті болып отыр. Сонымен қатар комитет хатшылығының екі орны да парламенттік оппозиция мүшелеріне беріледі. Менің ойымша бұл айтарлықтай алға жасалған қадам. Батыс елдерінде мәселен бюджет туралы заң жобасын, бюджет бөлінісін көбінесе оппозициялық партия қарайды. Сол себепті бүгінгі енгізілген норманың маңызы өте зор деп есептеймін. Жалпы біздің елдегі демократияны нығайту бағытында жасалған қадам деп ойлаймын.Бұл – тарихи сәт. Себебі Қазақстанда алғаш рет парламенттік оппозиция туралы заң жобасы қабылданғалы отыр», - деді ол.

Еске сала кетсек бүгін Мәжіліс Парламенттік оппозицияға кепілдік беретін қадамдарды мақұлдағаны туралы хабарлаған болатынбыз.


Фото: www.parlam.kz
Соңғы жаңалықтар