Даниал Ахметов: Тасқынның алдын алудың нақты жоспары бекітілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алуға әзірлік қызу жүруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Әбділов су тасқыны қаупі бар елді мекендердегі дайындық жұмыстары туралы баяндады.

«Өңірдегі қар қоры орташа жылдық нормадан 50% жоғары. Осыған орай, облыста арнайы штаб құрылды. 108 елді мекенді су басуы мүмкін. Су тасқынына қарсы шаралардан бастап адамдарды эвакуациялауға дейін бәрі ойластырылған. Қардың еруіне ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Техникалардың барлығы сақадай сай дайын тұр», - деді ол.

Оның айтуынша, осыдан бірнеше күн бұрын Өскеменде өткен «Көктем-2020» шарасында жеке құрамнан 95 адам арнайы жаттығудан өткен. Төтенше жағдай болып жатса 290 мотопомпа мен 1200-ден астам арнайы техника әзір.

Бұл ретте, ШҚО әкімі Даниал Ахметов қосымша техникалар алуды тапсырды.

«Су басу қаупі бар елді мекендердің әрқайсысы үшін нақты іс-шаралар жоспары дайындалды. Осыған сәйкес, төтенше жағдайлар кезінде орындалатын барлық жұмыстар қарастырылған. Алайда мұнымен тоқтап қалмай, қосымша мотопомпа мен техникалар алу керек», - деді Д.Ахметов.


Соңғы жаңалықтар