11:57, 20 Ақпан 2020 | GMT +6
Даниал Ахметов: Шекарадан бірде-бір шетел азаматы өтпейді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыс пен Қытай арасындағы шекараның өзге елдің азаматтары үшін жабылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңір басшысы Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесіп, шекарадан шетелдің бірде-бір азаматы өтпейтінін айтты.
«Қытаймен екі арадағы шекара жабылды. Сол үшін барлықтарыңызды сабырға шақырамын. Ал сол елден келген біздің 5 азаматымыз оқшауланып, карантинге жатқызылады. 3 күннен кейін Зайсанға тағы келіп жағдайды бақылаймын», - деді Даниал Кенжетайұлы.
Осыған дейін облыс әкімдігі Зайсан ауданындағы ауруханаларға коронавирус жұқтырған Қытай азаматтары жатқызылады деген ақпараттың жалған екенін мәлімдеген еді.