Данэлия Төлешова жаңа әніне бейнеклип түсірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова «Don't cha» атты жаңа әніне бейнеклип түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әншінің PR-директоры Татьяна Синенконың айтуынша, түсірілім жұмыстары өткен демалыста «Қазақфильм» киностудиясының бір павильонында жүргізілген. Жаңа туындының әуенін Данэлия қазақстандық композитор Еркехан Абдолдаевпен бірге жазған. Ал ағылшын тіліндегі мәтіні украиналық ақын Юлия Кабановамен бірге жазылды.

Клиптің режиссері – осыған дейін бірқатар қазақстандық жұлдыздарға бейнебаян түсіріп үлгерген Марат Своик, ал продюсері – Нұрсұлу Сұлтанова. Түсірілімге сонымен қатар түрлі бағытта еңбектеніп жүрген танымал қазақстандық жас бишілер мен хореографтар тартылды. Олар клипте белгілі бір атмосфераны қалыптастырып, әннің мән-мағынасын би арқылы жеткізуге тырысты.

Данэлия режиссердің клипті тылсым астармен түсіру туралы идеясын қуана қолдап, өз рөлін шеберлікпен ойнап шықты. Ол 4 образды ауыстырып, өзі үшін бейтаныс рөлдерді сомдауға барын салды.

«Жаңа әнімді көрсетіп қана қоймай, ел үйренген образдан басқа, өзге қырларыммен жарқырап, сол арқылы тыңдармандарымды таңғалдырғым келеді», - дейді жас әнші.

Продюсер Нұрсұлу Сұлтанованың сөзіне сенсек, ол Данэлияны жаңа образда көрсетуді көздеген.

«Бұрынғы кішкентай қыз емес, бойжеткен, өз мінезін көрсетуден қорықпайтын сұлу бикеш ретінде көрсеткіміз келді. Оның уақыт өткен сайын өсіп-жетіліп, әнші ретінде қалыптасу кезеңін сәтті бейнелей білдік деп ойлаймын», - деп атап өтті ол.

Клиптің тизері дайындалып, әншінің Youtube каналында жарияланған. Ал клиптің өзін таяу күндері жарыққа шығады.

Соңғы жаңалықтар