Данэлия Төлешова Кремльде халықаралық жүлдемен марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық жас әнші поп-музыка саласындағы бірінші халықаралық «BraVo» кәсіби музыка жүлдесінің «Болашаққа бағдар» номинациясында жеңіске жетті, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігіне әншінің баспасөз хатшысы Татьяна Синенко.

Марапаттау рәсімі Кремльде өтті. Гала-концертке әйгілі Род Стюарт (Rod Steward), «Грэмми» сыйлығының бірнеше дүркін иегері Сил (Seal), «Europe» тобы және француз әншісі Zaz қатысты.

«Болашаққа бағдар» номинациясындағы жүлдені Данэлияға Zaz табыстады. Франциялық әншімен Данэлия «Je veux» әнін шырқады.

Сондай-ақ, Данэлия заманауи әншілердің ең жас өкілі ретінде Юрий Антоновқа музыкалық мәдениетке қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықты табыс етті. Концерттік кеш Данэлияның «Другие» әнімен және үлкен флеш-мобпен жабылды.

«Тағы бір жүлде алдым. Оны достарыма арнаймын. Осы күнге дейін маған қолдау білдіріп келген барша жанға алғыс айтқым келеді. Шығармашылықта шек жоқ екенін дәлелдей түсетін, қазақстандық оқушыға танымал француз әншісімен дуэт орындауға мүмкіндік беретін «BraVo» секілді шаралардың болғаны қандай жақсы. Мұндай сәттерде қайда жүрсең де, жаныңа жақын адамдар үшін ән салатыныңды түсінесің», - деп өз әсерімен бөлісті Данелия.

«BraVo» - Данэлияның екінші жүлдесі. 3 ақпан күні кішкентай жұлдыз Қазақстанда «Халықтың сүйіктісі» сыйлығымен марапатталған еді.

Автор: Назым Шаханова

Соңғы жаңалықтар