Дәнді дақыл алқаптары 285,5 мың гектарға қысқарған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы бойынша дәнді дақыл алқаптары 285,5 мың гектарға қысқарған. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, 7 маусымдағы жағдай бойынша егіс жұмыстары Ақтөбе (97,7%) және Батыс Қазақстан (86,2%) облыстарынан басқа өңірлердің бәрінде аяқталды. Аталған облыстарда егіс жұмыстары егіс кезеңіндегі жауын-шашынға байланысты созылды. Оның аяқталуы осы аптаның соңы деп жоспарлануда», - деді министр.

Оның мәліметі бойынша биыл жаздық дақылдар 19,8 млн гектар алқапқа немесе белгіленген жоспардың 100,2%-ына, картоп 189,6 мың гектар алқапқа, көкөніс-бақша дақылдары 269,2 мың гектар алқапқа, көпжылдық шөптер 429,6 мың гектар алқапқа егілген.

«Майлы дақылдар 3,1 млн га (жоспар бойынша 3 094 мың га), қант қызылшасы – 12,3 мың га (жоспар бойынша 11,1 мың га), мақта – 121,1 мың га (жоспар бойынша 114,7 мың га) егіліп себу жұмыстары аяқталды.

Жалпы егіс алқабы 23,1 млн гектарды құрады. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 105 мың гектарға артық.

Өндірісті әртараптандыруға және монокультурадан алшақтауға сәйкес, дәнді дақылдар алқаптары 285,5 мың гектарға қысқарды», - деді Ербол Қарашөкеев.

Осылайша майлы дақылдар 24,9 мың гектарға, картоп 2,4 мың гектарға, көкөніс 1,7 мың гектарға және жем-шөп дақылдары 448,1 мың гектарға ұлғайған. Кейінгі жылдар осы аталған дақылдардың тапшылығы сезілген болатын.

Министрліктің болжамы бойынша, биыл астық шығымы былтырғыдан 15 пайыз жоғары болады.


Соңғы жаңалықтар