Дағдарыстан кейін де ең маңызды даму тренді адами капиталдың сапасы болып қалады - Елбасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз - ел патриотымыз» халықаралық жастар форумы қатысушыларына үндеу жолдады. Үндеуді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболатов оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі форумның басталуымен баршаңызды құттықтаймын! Жастар - қоғамның қозғаушы күші, үкілі үміті. Егемендік жылдары елімізде санасы азат, ойы сергек тұтас бір жаңа буын қалыптасып, өсіп жетілді. Біз Тәуелсіздігіміздің бұл белесіне жарқын жетістіктермен аяқ басып отырмыз. Өскелең ұрпақтың ертеңі үшін мемлекет тарапынан маңызды шешімдер қабылданып, тың бастамалар қолға алынды. «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асып, жастарымыз әлемнің беделді оқу орындарында, заманның сұранысына сай зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінде білім алу мүміндігіне ие болды», - деп атап өтеді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өз тарапынан жаһан жастарына көмек қолын созғанын, еліміздің жоғары оқу орындарында Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Моңғолия және өзге де мемлекеттердің жүздеген қыз-жігіттері тегін білім алып жатқанын атап өтеді.

«Әр саладағы талантты, қабілетті мамандар үшін біз барлық әлеуметтік-саяси лифт қалыптастырдық. «Нұр Отан партиясы» жанындағы «Жас отан» жастар қанаты патриоттық тәрбие мен қоғамдық қызметтің өзіндік мектебіне айналды. Белсенді жастардың тағы бір тобы Қазақстан халқы Ассамблеясы аясына ұйысты. Өз кезегінде жас буын өкілдері туған отанымызды шын жүректен мақтан тұтып, еліміздің одан ары гүлденуіне атсалысуға тиіс», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.

Елбасы жастардың назарын қазір жаһанды жайлаған індет адамзатқа жаңа мүмкіндіктер жүктеп отырғандығына аударады.

«Өздеріңіз білетіндей, әр ұлттың бәсекеге қабілетті болуы алдымен білім сапасымен өлшенеді. Сіздер заман талабына тез бейімделіп, қиындыққа қасқая қарсы тұруға тиіссіздер. Бүгінде, дағдарыстан кейін де ең маңызды даму тренді адами капиталдың сапасы. Зерделі де, зерек, білімді де білікті жастардың қашанда еңсесі биік, ертеңі нұрлы болмақ. Ендеше отанымыздың жарқын болашағы үшін қалтқысыз қызмет ете беріңіздер. Бүгінгі форумның жұмысы жемісті болсын. Сіздерге мықты денсаулық, шуақты өмір, шығармашылық табыстар тілеймін!», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Соңғы жаңалықтар