Цукерберг: Миллиардерлердің ешқайсысы сонша байлыққа лайық емес – Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Данышпандарды данышпан қылатын не? - Time

Данышпан болу және ерекше интеллектуалды қабілетке ие болу бір нәрсе емес. «Ақылды адамдар көп, ал олардың барлығы ерекше жетістіктерімен мақтана алмайды. Бұл жерде шығармашылық, өз қиялыңды жүзеге асыру маңызды», деп жазады Time басылымы.

«Мысалы, Бенджамин Франклинді алайық. Оған Гамильтоның аналитикалық қабілеттері мен Мэдисонның философиялық тереңдігі жетпейтін. Бірақ классикалық білімі болмаса да Франклин ең жақсы өнертапқышқа, дипломатқа, ғалымға, жазушыға, бизнес стратегке айналды. Альберт Эйнштейн де осындай жолдан өтті. Кеш сөйлей бастаған Эйнштейнді үй қызметкері «топас» деп атаған, ал туыстары оның ақыл ойы жетілмеген деп есептеген. Стив Джобс Моцартты жақсы көрді, өнер, гуманитарлық және нақты ғылымдар бір бірімен байланысты деп есептеді. Оқуды тастап кеткен соң ол би мен каллиграфия үйірмелеріне қатысты», деп жазады автор. Оның айтуынша, бұл данышпандар көп нәрсені білуге құмар болған.

«Да Винчи біз күнде көретін аспан неге көк түсті деп те көп ойланғанын оның қолжазбаларынан көруге болады. Данышпан да Винчи бірден бірнеше салада топ жарды. Бұлардың данышпан болуына олардың ақылы әсер етпеді. Олардың барлығы тарихта көп нәрсе білуге құштарлығымен данышпан болды», деп жазады автор.

Солтүстік Корея мен АҚШ ядролық қару туралы келіссөздерді тоқтатты – CNN

Солтүстік Корея ядролық проблема туралы келіссөздерді үзді және бұған америкалықтарды кінәлады, деп жазады CNN.

«Вашингтон Швецияда өткен келіссөздер жақсы өткенін, бірақ 70 жылға созылған қастықты бір күнде жою мүмкін емес екенін айтты. Дегенмен, Пхеньян мен Вашингтонның ресми өкілдерінің ядролық бағдарлама туралы Швециядағы кездесуі сәтсіз аяқталды», деп жазады басылым.

Солтүстік Корея өкілі Ким Мён Гил келіссөзде америкалық тарап өз позициялары мен ескі көзқарастарынан бас тартпайтынын айтты. «Келіссөздер біз күткендей болмады және үзілді»,— деді Ким журналистерге берген сұхбатында.

Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл сөздер сегіз сағатқа созылған кездесудің «мазмұны мен рухын» көрсете алмайтынын айтты. Вашингтон екі аптадан кейін Стокгольмде Пхеньянмен келіссөздер өткізу туралы шақыртуды қабыл алды. Дегенмен, Швецияның СІМ жаңа келіссөздер мен Пхеньянның жауабы туралы ақпарат бермеді.

Айта кету керек, Стокгольмдегі кездесу АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның маусым айындағы кездесуінен кейінгі алғашқы отырыс.

БҰҰ Ирактағы наразылықты тоқтатуға шақырды – ВВС

Біріккен Ұлттар Ұйымы Ирактағы үкіметке қарсы наразылық шеруі кесірінен қаза тапқандар саны жүзге жуықтап қалғандықтан, Ирактағы «адамдардың мәнсіз өлімін» тоқтатуға шақырды. Ал наразылық танытушылар олар жұмыссыздық, жаман қоғамдық қызмет пен мемлекеттегі жемқорлыққа қарсы екендіктерін жеткізді, деп жазады ВВС.

БҰҰ Ирактағы жағдай бойынша өкілі Жанин Хеннис-Плассар: «Бес күнге созылған өлім мен жарақат. Бұл тоқтатылуы керек. Ал адамдардың өліміне жауаптылар жауапкершілікке тартылуы тиіс»,— деді.

Автор сенбі күні Бағдаттың шығысындағы митинг күштеп тоқтатылғанын жазады.

«Ирактың адам құқығы туралы парламент комиссиясының хабарлауынша, кемінде 99 адам қаза тауып, 4 мыңға жуық адам жарақат алған. Бұл бір жыл бұрын билікке келген премьер-министр үкіметіне ең ірі наразылық ретінде қарастырылып отыр. БҰҰ мен АҚШ зорлыққа қартысты алаңдаушылық білдіріп, Ирак билігін ұстамдылық танытуға шақырды»,— деп жазады автор.

Нидерландтар «Голландия» атауынан бас тартпақ – The Guardian

Нидерландтар өздерін Голландия деп атаудан бас тартты. Бұл мемлекеттің имиджін жаңарту аясында қабылданған шешім. Биліктің айтуынша, Голландия көпшілігіне нашақорлық пен Қызыл шамдар кварталымен ассоциация туғызады, деп жазады The Guardian.

Басылымның хабарлауынша, Нидерланд өзін «жаһандық проблемаларды шешуге арналған алдыңғы қатарлы технологиялар жасаушы» ел ретінде танытпақ. Сонымен қатар үкімет Амстердамнан басқа қалалардың да туристік қызығушылығын арттыруды қолға алмақ.

«2020 жылы Токиодағы Олимпиадада, «Евровидение-2020» конкурсында да осы Нидерланд атауы қолданылатын болады» деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, Амстердам мэрі ақпан айында Қызыл шамдар көшесін реформалауға, туристерді мұндай жолмен тартудың қорлық екенін айтқан еді.

Цукерберг: Миллионерлердің ешбірі мұнша байлыққа лайық емес - Bloomberg

Facebook басшысы Марк Цукерберг әлемдегі ешбір миллиардер осынша байлыққа лайық емес екенін айтты. Осылайша ол журналистің АҚШ президенттігіне кандидат Берни Сандерстің миллиардерлер болмауы керек деген ойымен келісе ме деген сұрағына жауап берді, деп жазады Bloomberg.

«Цукерберг әлемдегі ең бай адамдар тізімінде бесінші орында тұр. Бүгінгі таңда Bloomberg Billionaires Index бағалауынша, оның байлығы 69,4 миллиард долларды құрайды. Цукерберг пайдалы нәрсе істеп жатқан адамның марапат алуы дұрыс. Бірақ оның көлемі негізсіз екенін айтты. Ол миллиардтаған ақшаның бір адамның қолына жиналуы тек ол ақша ауруды емдеу немесе алдын алуға, ғылыми жобаларды қолдауға жұмсалып жатса ғана дұрыс деп есептейтінін жеткізді», деп жазады автор.

Оның айтуынша, Цукерберг мемлекеттің ғылымды қаржыландыруы тиімді дегенге сенбейді.

Соңғы жаңалықтар