COVID-19: Шартараптағы сақтық шаралары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шет елдерде короновируспен ауырған халықтың саны көбейіп, сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Әсіресе, Еуропа елдеріндегі эпидемиялық ахуал асқынып барады. COVID-19 вирусы тарап жатқан шартарапқа шолу жасап өтейік.

Іргеміздегі Ресейде жұқпалы дертке шалдыққандар саны күннен-күнге артып барады. Ресей ауруханаларында жатқан науқас саны 160 мыңнан асып кеткен. Жансақтау бөлімдерінде 3 мыңдай науқас ем алып жатыр. Бір тәулікте инфекция 15 мыңнан астам адамнан табылып, рекорд жаңарды. Олардың 5 мыңға жуығы Мәскеу тұрғындары. Жалпы елдегі науқастар саны 1 миллион 370 мыңға жуықтап, 24 мыңдай адам қайтыс болған. Еуропа елдерінде күніне 330 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталады. «Қарт Құрлықта» эпидемияның қарқыны мен ауқымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алаңдатып отыр. Жағдайдың ушығуы, әсіресе, Францияда байқалып отыр. Бұл мемлекетте бір тәулікте 30 мыңнан астам адам COVID-19 жұқтырған. Осыған байланысты төтенше жағдай жарияланып, Париж бен 8 елді мекенде коммендант сағаты енгізілетін болды.

Швейцария денсаулық сақтау мамандарының хабарлауынша, елде соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар 4 есе көбейген. Індеттен 2 115 адам қайтыс болды. Ірі қалаларда қоғамдық шараға тыйым салынып, көпшілік жүретін жерде азаматтарға маска тағу міндеттелді. Ал жалпы коронавирусты емдеуге арналған орын саны – 182 мың.

Иранда да коронавирус төңірегіндегі эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде бір тәулік ішінде 400-дей адам қайтыс болыпты. 5 мыңнан астам адам инфекция жұқтырған. Науқастардың көптігінен Тегеран ауруханаларында бос орын жоқ. Індетпен күреске әскерилер тартылып жатыр. Иинфекция кең таралған 5 қалаға баруға шектеу қойылған.

Испания астанасында коронавирус өршіп, жағдай күрделене түсті. Мадрид ауруханаларында науқастың қарасы көбейген. Бірақ билік ауыр халде жеткізілген адамyың саны көктемдегіден әлдеқайда төмен екенін айтады. Денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илла шектеу шаралары шаһардағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесуі тиіс деп отыр. Испанияда коронавирус жұқтырғандар саны 900 мыңнан асқан.

Ұлыбританияның астанасында да коронавирусты жұқтырғандар санының өсуіне байланысты карантин күшейтілді. Лондонда шектеудің екінші деңгейі енгізілді. Жаңа тәртіпке сай бір үйде тұрмайтын адамдардың кездесуіне тыйым салынады. Ал көшеде 6 адамнан артық жиналуға болмайды. Билік қоғамдық көліктің орнына велосипед, электр скутерді пайдалануға кеңес береді. Және қажеттілік болмаса алыс сапарға аттанудан бас тартуға шақырды. Ұлыбританияда коронавирус жұқтырғандар саны 640 мыңнан асқан.

Германияда коронавирусты жұқтырғандар күн сайын көбейіп келеді. Кеше короновирус 7 мың 830 адамнан анықталған. Бұл – індет таралғалы ең жоғарғы бір күндік көрсеткіш. Роберт Кох институты дертке шалдыққандар күніне 10 мыңнан асса, кей аймақтар карантинге жабылуы мүмкін деп отыр. Бірақ билік жаппай карантин енгізілмейтінін айтып, тыйымды қатайтуды ғана қолға алып жатыр. Мысалы, бірқатар қаланың орталық көшелерінде маска тағып жүру тәртібі енгізілді. Кельнде полиция адам көп жиналған жерде және көлікте де маска кию керек. Билік халықтан әлеуметтік арақашықты сақтап, шектеуді орындауды сұрап отыр. Германия президенті Франк-Вальтердің өзі карантинде отыр екен. Жеке күзет қызметкерінің бірінен коронавирус табылғаннан кейін ол осы талапқа бағынды. Бірден ПТР тапсырған, алайда қауіпті вирус анықталмаған. Жақын арада ел президенті қайта тест тапсырады. Күдігін сейілтіп, жұқпалы дерт бойынан табылмаса жұмысқа қайта оралады. Бірақ оған дейін қызметін қашықтан атқарады. Соңғы күндері Германияда коронавирус күшіне мініп тұр. 8 мыңға жуық тұрғыннан қауіпті вирустің анықталғаны жаңа антирекорд. Мұндай жағдай тіпті көктемде де болмаған. Канцлер Ангела Меркель халыққа үндеу жариялап, қауіпсіздік мәселесіне аса мән беруге шақырды. Отбасылық мерекеден бас тартуға кеңес берді. Себепсіз көшеге шығу азаматтардың өзі үшін де, қоғам үшін де қауіпті екенін ескертті.

Париж көшелерінде адам қарасы азайды. Жүргіншілер жоқтың қасы. Жуырда ел президенті Эммануэль Макрон қалаларда түнгі уақыттарда комендант сағаты енгізілгені жайында бұйрыққа қол қойған. Коронавирустың кең тарай бастағаны жергілікті биліктің жедел шешім қабылдануына себеп болды. Коронавирустың өршуіне көбіне ойын-той себеп болатынын алға тартқан Макрон отбасылық мерекелерді кейінге шегере тұру тиімді екенін айтты. Өйткені жақын арада орындардың толып кетуіне байланысты ауруханалар науқастарды қабылдай алмайтынын тілге тиек етіп, жұртты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Бельгия билігі 19 қазаннан бастап елдегі барлар мен мейрамханаларды төрт аптаға жабу жөнінде шешім шығарды. Оған коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуы себеп болып отыр. Мысалы, кеше Бельгияда 10 448 тұрғыннан қауіпті вирус анықталған. COVID-19 ға шалдыққандардың жалпы саны 191 959-ға жетті. 10 мың науқас осы дерттен қайтыс болды. Соңғы тәулікте 49 адамның көз жұмғаны хабарланды. Жергілікті билік жағдайды екшей келе, көп кісі жиналатын қоғамдық орындардың жұмысын реттеуді қолға алды.

Үш күннен бері Португалияда коронавирус жұқтырғандар саны үнемі артып келеді. Соңғы тәулікте 2 608 тұрғыннан COVID-19 анықталды. Ал, Чехияда екі күн бұрын рекорд тіркелді. Жиырма төрт сағат ішінде 9 721 дерек тіркеліп, билік өкілдерінің алаңдаушылығын тудырған. Ал, өткен тәулікте елде 5 272 тұрғынның қауіпті вирус жұқтырғаны мәлім болды. Бүгінге дейін ауырғандардың жалпы саны – 154 675. Бұл енді әлем елдері арасындағы 32-көрсеткіш.

Грузияда соңғы бір тәулікте 958 адам дертке шалдыққан. Бұл қазан айының бас кезіндегі көрсеткіштен 3 есе артық. Өлім-жітім де көбейген. Батумиде қоғамдық көлік тоқтатылды. Тбилисиде бірнеше мектеп пен 20 балабақша жабылды. Айта кетейік, Грузияда індет басталғалы коронавирусты 13 мың 500-ден аса адам жұқтырып, олардың 7 мыңнан астамы жазылып шыққан. Кеселден 128 қайтыс болыпты.


Соңғы жаңалықтар