COVID-19 індетімен күрескен қарағандылық дәрігерлерге мемлекеттік наградалар табыс етілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарағанды облысының бірқатар медицина қызметкеріне борышын адал орындағаны және жанқиярлығы үшін облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының атынан наградаларды табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұқар жырау ауданының санитарлық дәрігері Бақберген Айжігітов қайтыс болғаннан кейін «Парасат» орденімен марапатталды. Облыс әкімі марапатты марқұмның жұбайы мен балаларына табыстады.

Бақберген Айжігітовтің жесірі олардың отбасына көңіл білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.

«Бұл марапат есте қалады. Менің күйеуім әрдайым алдыңғы қатарда болды. Өз жұмысын өте жақсы көрді. Әріптестеріне үлкен құрметпен қарады. Ол астанаға дәрігерлер қажет болғанда, бірден ниет білдірген еді. Біз оны сапардан бас тартуға көндірмек болдық: мүмкін бармай-ақ қоярсың, жас емессің ғой дегенімізде «мен дәрігер-эпидемиологпін, парызымды орындауым керек, баруым керек» деді. Бір ай Нұр-Сұлтанда жұмыс істеп келді. Ол үшін жұмыс әрдайым бірінші орында болды. Бірақ отбасын жақсы көрді, қолдады. Әрине, қазір бізге өте қиын. Туған адамымызды ерте жоғалтамыз деп ойлаған жоқ едік», - деді Әлия Баяхметова.

Жеңіс Қасымбек дәрігерлердің кәсібилігі мен Гиппократ антына адалдығы үшін алғысын білдірді.

«Күн сайын сіздердің күндеріңіз осы бір көрінбейтін жаумен және мыңдаған тағдырларды құтқару үшін күреспен өтеді. Тіпті өз денсаулығыңызды қатерге тігесіздер. Ел үшін бұл қиын кезеңде сіздердің ерліктеріңіз, іске берілгендіктің, қамқорлықтың және сіздердің көмектеріңізге мұқтаж адамдарға жанашырлық танытудың үлгісі болып табылады. Қарағанды медицина қызметкерлері кәсібилігін, ұйымшылдығын және ауызбірлігін тағы да дәлелдеді. Індет барлығымызға мемлекеттің басты құндылығы - азаматтың өмірі мен денсаулығы және сенімді мықты медицинаның маңыздылығы туралы еске салды», - деді аймақ басшысы.

«Құрмет» орденінің иегері, Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Кимнің айтуынша, соңғы үш айда көп нәрсе өзгерген.

«Дәрігерлер де өзгерді, көп нәрсені үйрендік. Адамдардың өзіне және денсаулығына және жалпы болып жатқан жағдайларға қарым-қатынасы өзгерді. Ең қиыны - қолдан келер шара қалмағанын көру. Қалғандары - бұл жай ғана білім, күнделікті еңбек. Ауыр халде болған науқас өз аяғымен үйге кетіп бара жатқанын көру – ең үлкен қуаныш. Мұндай оқиғалардың бірі - өкпесі 95% зақымданған медбике әріптесіміз емделіп шыққанына қуанғанымыз», - дейді ол.


Облыста 15 медицина қызметкері марапатталды. Олар «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар