COVID-19: Эпидахуал ушыққанда не істеу керек – дәрігер кеңесі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы №25 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Мазбаева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында коронавирусқа қатысты күрделі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, алдын алу шаралары туралы еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маманның айтуынша, кейбір елдерде инфекцияның қайталану жағдайлары, ауруды жұқтырудың өсуі байқалады.

Мәселен, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған коронавирус пандемиясына байланысты карантиндік шектеулердің күшейтілгенін хабарлады. Елде жалпыға міндетті маска режимі, сондай-ақ әлеуметтік қашықтық сақтау және гигиена шаралары енгізілді.

Италияда сәрсенбіге қараған түні премьер-министр қоғамдық өмірдегі жаңа шектеулер туралы декретке қол қойды. Атап айтқанда, бейсенбіден бастап республикада коменданттық сағат жұмыс істей бастайды. Кешкі оннан кейін азаматтар үйлерінен тек қатты қажет жағдайларда ғана шыға алады.

Швеция коронавирус инфекциясын жұқтырушылар санының көбеюіне байланысты дәмханалар мен мейрамханаларда дастархан басында бірге отыра алатын адамдардың санын 8 адамға дейін шектеді.

Әлемдегі эпидемиялық ахуалдың қайта ушығуына байланысты және алдыңғы тәжірибені ескере отырып Алматы қаласының барлық емханалары коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайындықты қамтамасыз етті.

Емханалардың жұмысында COVID-19 бойынша ақпараттық жұмыстарға, коронавирус инфекциясын жұқтырудың сақтық шараларына ерекше назар аударылады. Өйткені қарт адамдар, жас балалар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулармен (астма, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары) ауыратын және иммунитеті әлсіреген адамдар ауруға бейім және қауіп тобына жатады.

Әлия Мазбаева коронавирусқа қарсы алдын алу шараларын еске салды.

Атап айтқанда, респираторлық инфекцияның айқын белгілері бар адамдармен байланысқа түспеу, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарға бармау, тыныс алу органдарын қорғау құралдарын пайдалану, түшкіру немесе жөтелу кезінде тыныс алу этикетін сақтау керетігін айтты.

Сондай-ақ, мәдени-жаппай іс-шараларға қатыспау, қол гигиенасын сақтау, оның ішінде адамдар көп жиналатын орындарға барғаннан кейін жедел респираторлық вирустық аурудың белгілері болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттігін ескертті.

«Алдын алу шаралары әрбір адамға қатысты. COVID-19 жағдайы ушыға түсті, алматылықтарды алдын алу шараларын ұстануға шақырамын. Тыныс алу ауруының белгілері болған кезде тек дәрігерлердің көмегіне жүгіну керек. Өз бетімен емханаға барып, айналасындағыларға жұқтырудың қажеті жоқ, дәрігерді үйге шақыру қажет», - деді бас дәрігер.

Халықты коронавирустың жеке және қоғамдық алдын алу шаралары туралы хабардар ету емханалардың сайттарында, әлеуметтік желілерде ақпарат орналастыру арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, МӘМС бойынша ақпараттық–түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін буклеттер әзірленді.

Мұнымен қатар ол қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қарттар мен балаларға үйде профилактикалық медициналық тексеру жүргізу туралы тапсырмасының орындалуы туралы айтты.

Профилактикалық тексеру жүргізу кезінде халықтың ең әлсіз топтары - 65 жастан асқан адамдар мен 16 жасқа дейінгі балаларға ерекше назар аударылады. Халықты медициналық ұйымдармен толық қамту мақсатында биыл желтоқсан айының соңына дейін кәсіби тексеру жүргізу кестесі жасалды.

Тұрғындарға алдын ала Damumed медициналық ақпараттық жүйесі, ұялы телефондар арқылы учаскелік қызмет, сондай-ақ медициналық ұйымдардың сайттары арқылы хабарланды.

Алатау ауданында бұл жұмысқа 7 ұйым жұмылдырылған, оның ішінде 5-уі мемлекеттік және 2-уі жекеменшік. Оларда 231 845 адамға қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 16 жасқа дейінгі балалар - 90 677, ал 65 жастан асқан адамдар саны 10 918 болып отыр. Диспансерлік есепте 6 437 адам, ересектер тобында 7 871 бала тұр.

«Профилактикалық тексеру жүргізу кезінде әлеуметтік жағдайы осал отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлінеді, олар: көп балалы отбасылар, бір ғана ата-ана тәрбиелеп отырған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар. Бірінші кезекте мақсатты топтардың тізімі, үйге қабылдау және шығу кестесі және үйде профилактикалық тексерулер жүргізу үшін бригадалар құрылды», - деді Ә.Мазбаева. Осылайша, бір емхана базасында 15 100 баланы және 65 жастан асқан 7 260 адамды тексеру жоспарланған.

Емханаларда осы мақсатта арнайы бригадалар құрылды:

- жалпы тәжірибелік дәрігер, медбике, невропатолог, кардиолог, 65 жастан асқан адамдар үшін қант, холестерин деңгейін анықтай отырып, ЭКГ жүргізетін отоларинголог;

- көрсеткіштері бойынша зертханалық зерттеулер жүргізе отырып, педиатр, невропатолог, окулист, отоларинголог дәрігер, балалар хирургі.

Наурыздан тамызға дейін карантиндік шаралар енгізілгенін ескере отырып, көптеген диспансерлік науқастар мерзімді диспансерлік тексеруден уақтылы өте алмады.

Сондықтан бір уақытта толық тексеру, яғни флюорографиялық тексеру, іш қуысы мен бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі, жалпы қан мен зәр анализі, биохимиялық қан анализі, қан қысымы мен көз қысымын өлшеу жоспарланып отыр.

«Мұқтаж қарт адамдарға күндізгі стационарда, үйдегі стационарларда емдеу, сондай-ақ тегін дәрі-дәрмек жеткізуді қамтамасыз ету ұйымдастырылады», - деді бас дәрігер.


Соңғы жаңалықтар