COVID-19: Ақтөбе облысында індетпен күреске 5 млрд теңге бөлінді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында індетпен күрес жұмыстарына 5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Біздің бар күшіміз инфекциямен күресуге және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтауға жұмылдырылып отыр. Бұл жұмыстарға шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде медициналық техника және жабдықтар алуға 3,4 млрд теңге, дәрі-дәрмек, жеке қорғаныс құралдары мен өкпені жасанды желдету апппараттарын сатып алуға 1,3 млрд теңге жұмсалды. Осы жылдың наурыз айынан бері 3600-ден астам медицина қызметкеріне 2,9 млрд теңге көлемінде үстемеақы мен сыйақы берілді», - деді Оңдасын Оразалин.

Қазір аймақта санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Стационарларда 315 инфекциялық кереует бар. Егер науқастар саны артса, олардың саны 3603-ке дейін арттырылады. Сондай-ақ, шекарадан өткендер, ПТР-тестілеудің анықтамасы жоқ адамдар үшін 440 кереуетке арналған 3 карантиндік стационар жұмыс істеп тұр.

Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 12 заманауи компьютер томографы, 11 стационарлық рентген аппараты, 353 өкпені жасанды желдету аппараты, 405 оттегі концентраты, 626 Бобров аппараты мен 250 оттегі жастығы алынып, 26 бірлік санитарлық көлік (биыл қараша айының аяғына дейін тағы 15 көлік келеді) пен 6 мобильді жылжымалы кешен және КамАЗ көлігіндегі 2 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Қазіргі кезде 5 кәсіпорын 90 мың литр дезинфекциялау және антисептик сұйықтығын өндіруді жолға қойды.


Соңғы жаңалықтар