CҚО-да майлы дақылдарды өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында күнбағыс, зығыр, рапс секілді майлы дақылдарды өңдейтін зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өңірде май экстракциялайтын зауыттың құрылысы басталғандығы жөнінде әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Жаңа кәсіпорын Петропавлда салынып жатыр. «Маслодел» ЖШС-гі бұл жобаны жүзеге асыруға 15 млрд теңге инвестиция құйған. Зауыт жылына 370 мың тонна майлы дақылдарды өңдей алады. 200-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.

«Май зауыты шикізатпен қамтамасыз етіледі, өйткені біздің облыс майлы дақылдар өндірісі бойынша республикада көш басында. Жыл сайын 1 миллион гектар аумаққа егіледі - бұл республикадағы барлық алқаптардың үштен бірі. Жаңа зауытты іске қосу арқылы біз аймақтағы майлы дақылдардың негізгі үлесін өңдей аламыз. Сондай-ақ, кәсіпорын қоспажем шығармақ, олар қазір басқа аймақтардан әкелінеді», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

СҚО-да қазір майлы дақылдарды өңдейтін жалпы қуаты 500 мың тоннаға жуық 3 кәсіпорын бар.

«Біз әрдайым ең озық технологияларды қолданып, заманауи қондырғыларды сатып аламыз. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда осыған ұқсақ тәулігіне 400 тонна майлы дақылды өңдейтін зауыт бар. Сондықтан бұл құрылысты ілкімді жоба деп айта алмаймыз. Біз тек кеңейіп жатырмыз. Жаңа зауыт 15 гектар аумақта салынып жатыр», - дейді кәсіпорынның бас директоры Павел Селиванов.

Майлы дақылдарды өңдейтін зауыттың құрылысы 2023 жылы аяқталады.


Соңғы жаңалықтар