CҚО-да экологияға зиян келтірген 3 нысанның жұмысы тоқтатылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында экология департаменті жарты жылдық жұмысын қорытындылады. Осы аралықта 21 тексеріс жүргізіліп, 80-нен аса заңбұзушылық анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов атқарылған жұмыс жайында есеп берді.

Департамент жетекшісінің айтуынша, жыл басынан 21 тексеріс ұйымдастырылды. Оның 9-ы профилактикалық сипатта нысанға бару арқылы, 11-і жоспардан тыс және біреуі біліктілік талабына сәйкестігін анықтау үшін жүргізілді. Нәтижесінде 80 заң бұзушылық анықталды, соның 78-іне олқылықтарды жою туралы ұйғарым берілді.

«Жарты жылдың ішінде департамент қоршаған ортаға келтірілген шығынды өтеуге 10 талап жолдады. Шығын сомасы 11 млн теңгеден асады. Сегізі бойынша 10,5 млн теңге төленді. Екеуі бойынша ерікті төлем мерзімі әлі біткен жоқ.

Экологиялық заңнаманы бұза отырып жұмыс істеген 4 шаруашылық нысанына қатысты іс сотқа жолданды. «Бескөл құс фабрикасы», «Қызылжар су» және «Зенченко және К» ЖШС нысандары олқылықты жойғанша жұмысын тоқтатты. Ал «Северный Поток СК» ЖШС бойынша іс әлі сотта жатыр», - дейді Азамат Бектасов.

Бұдан басқа 16 әкімшілік хаттама толтырылып, соның 14-і бойынша шамамен 1,5 млн теңге сотқа жетпей өндіріліп алынды.

Маусым айында экологтар полиция қызметімен бірге қоғамдық көліктерді тексерді. Департаменттің сынақ зертханасының мамандары дизель отынымен жұмыс істейтін 6 шағын автобусқа өлшеу жүргізді. 5 көлікте түтіндеу мөлшері 5 және одан да көп есе асқан. Барлық шағын автобустар 2013 жылдан 2018 жылға дейін Қытайда шығарылған. Полиция қызметкерлері қоршаған ортаны ластаған көлік жүргізушілерін әкімшілік жауапкершілікке тартты.


Соңғы жаңалықтар