Цифрлық технологияларды пайдаланатын кәсіпорындар үлесі 23 пайызға жетеді - ҰЭМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың үлесі 23 пайызға жетеді. Мұндай көрсеткіш ҚР Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасында көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰЭМ мәліметінше, жобаның «Индустриялық-инновациялық даму» бағытында өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту, өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту міндет айқындалған.

«Бұл үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алуға және енгізуге, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға арналған шығындарын өтеу жөніндегі кешенді іс-шаралар әзірленетін болады. Осылайша, 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың үлесін 23 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы жабдықтар мен машиналар жасауда негізгі капиталға салынған инвестициялар 1 трлн теңгелен асады», - делінген ведомство мәліметінде.

Ал «Өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту» міндеті аясынба 418 индустриялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай негізгі капиталға 11 триллионнан астам теңге инвестиция тартылады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің өнімін экспорттау көлемі 24 млрд АҚШ долларына ұлғаяды. Құрылған жаңа жоғары білікті жұмыс орындарының саны шамамен 100 мыңға жетеді.

2025 жылға дейін іске қосу жоспарланған ірі жобалардың қатарында «Monterra Qasaqstan» ЖШС, «Еврохим-Қаратау» ЖШС, «Мега Смарт» ЖШС, «KamLit KZ» ЖШС және басқалары бар. Бұл ретте республикалық деңгейде 50 негізгі жоба белгіленген.

Айта кетейік, ҚР Президенті Жарлығымен «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бекітілген болатын. Жоба 5 бағыттан тұрады және 6 негізгі міндет пен 13 көрсеткіш айқындалған.



Соңғы жаңалықтар