Цифрлық майнингке 300 млрд теңге инвестиция тарту бойынша келісімдер бар – Бағдат Мусин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Цифрлық майнингке 300 млрд теңге инвестиция тарту бойынша алдын ала келісімдер бар. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің талдау көрсеткендей, отандық АТ-өнімдер мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардағы халықаралық баламаларды жылына 56 млрд теңгеге алмастыра алады. Ол үшін сенімді отандық бағдарламалар тізілімінің тетігі бар. Бұл тізімнен сатып алу басым тәртіппен жүргізілуі тиіс. Ал басқа жекеменшік нарықта отандық ИТ-өнімдердің әлеуеті 142 млрд теңгені құрайды. Осы сандарға қол жеткізу үшін бізге оффтейк келісімшарттар, несиелер алуға кредиттік кепілдер және тағы басқа құрал түрлерін дамыту қажет. Осы нәтіжелерге жеткен соң шетелдік нарыққа да шығуға ұмтылатын боламыз», - деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Қазақстанда 13 майнинг фермасы жұмыс істейтіндігін, 4 ферманың құрылысы жүріп жатқанын айтты.

«Бұл салаға 82,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі таңда тағы да 300 млрд теңгеге инвестиция тарту бойынша алдын ала келісімдер бар. Ал 2025 жылға қарай инвестиция көлемі шамамен 500 млрд теңгені құрауы жоспарлануда. Осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды ары қарай жалғастырамыз», - деді Бағдат Мусин.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында алдағы 5 жылда цифрлық майнингке тартылатын инвестиция көлемін 500 млрд теңгеге жеткізу қажеттігі айтылған еді.



Соңғы жаңалықтар