Цифрлы технологияның жетістігі сана революциясына тікелей байланысты - Оразәлі Сәбден

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы.

Ең алдымен, цифрлық теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі», - деп атап көрсетілген.

Ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір ел ертеңіне сенімді зиялы қауымды қашанда толғандыратын тақырып. Қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі экономист Оразәлі Сәбденмен сұхбатымыздың әлқиссасын әр түрлі цифрлық сервистерді белсенді түрде пайдалана бастағандығымыз туралы бүгінгі күнгі өзекті тақырыптан тарқатқан едік.

Оразәлі Сәбден: Қазір әлемде өмір сүретін 7 миллиардтың 6 миллиард адамында ұялы телефон бар екен. Ғаламтордың дамуына көз ілеспейді, біз өкінішке қарай, игеріп үлгере алмаудамыз. Интернет барлығын бір жүйеге байлады. Қазір 1 триллион датчик интернетке қосылған. 2020 жылы 22% немесе 290 миллион жеңіл машиналар интернетке қосылып, жол апаты санын күрт төмендетеді деп күтілуде. Google компаниясының аға ғылыми қызметкері Чемберстің болжамы бойынша 2020 жылы интернет нарығы 19 трлн. $ дейін өседі. Ал салыстыру үшін әлемнің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 100 трлн. $ сәл-ақ асады екен.

Енді біз ғылымның жаңалықтарын: компьютер тілін, жаңа интернет технологияны, программамен қамтамасыз етуді, роботтандыруды, цифрлы экономика тілін тез игермесек, тіпті қалып қоятын түріміз бар. Алысқа бармай-ақ қояйық, мысалы кеше ғана КСРО-да бізбен бірге болған Эстония бүгінде оқ бойы озып, алға кетті. Олар біз КСРО ықпалынан шыға алмай, жалтақтап, адасып жүргенде, өздері жаңа цифрлы электронды экономикасын жасап алған еді, сондықтан Эстония бүгінде ең озық инновациялық елге айналды. Ол қазір әр адамға шаққанда, 25000 $ табыс табады. Эстония қазірде технологиялық жағынан алға кеткен ел. Әлемдегі интернет жылдамдығы ең жоғарғы ел – Эстония. Қазір 95% салықты интернет арқылы 5-ақ минутта төлейді екен. Бұл ел де Сингапур сияқты ең көп қаржыны бастауыш мектеп біліміне салады екен. Бағдарлама жасаудың негіздерін бірінші кластан оқытады, компьютер тілі оларға Француз тілінен артық. Эстония біз сияқты саны аз халықты инновацияға тез икемдеп, дамытуға болатынын көрсетті.

Үндістан да жыл сайын 1,5 млн. бағдарламашыға білім береді екен. Бұл жағынан АҚШ пен Қытай оның шаңына да ілесе алмайды.

Махат Садық: Өкінішке қарай, ин­тернет бізде қала мен ауылда бірдей емес. Елімізде интернетке қолы жетпей жүрген қаншама ауыл тұрғыны бар. Қазірдің өзінде 2 000-ға жуық ауылда интернет жоқ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жыл соңына дейін 928 ауылды, ал келер жылы тағы 1 000 ауылды интернетке қоспақ. Сөйтіп, министрлік бұл мәселені алдағы екі жылда шешеміз деген болатын. Интернет ауадай қажет кезде ауыл халқы оны тағы екі жыл күтіп отырса не болмақ? Цифрлы Қазақстан бағдарламасының қабылданғанына биыл үшінші жыл. Алғашқы екі жыл ішінде бар-жоғы 481 ауыл ғана ғаламторға қосылған. Ал интернетке қосылған ауылдардың талшықты-оптикалық жеткізу желісімен қамтылуы 50%-дан аспайды. Осыған не айтасыз?

Оразәлі Сәбден: Егер бұрын өндіріске керегі темір, ауылшаруашылығына жер болса, қазір цифрлы дәуір келді. Экономикамыз информацияға негізделіп отыр. Алда кім, қай ел тез арада үлкен ақпараттарды, интернет жүйесін, бірлестіктерді, желілерді, жасанды интеллекті, геномиканы, алтыншы, жетінші сезімдерді игерсе, солар озады, әлемде алда болады. Қазір VI-VII технологиялық укладтардың заманы (ақпаратты-коммуникативті технология, нано-биотехнология, гендерлік инженерия, космосты игеру). Бұл жағынан біз өзіңіз айтып өткендей көп арттамыз, кем дегенде, 30-40 жыл қалып келеміз.

Дамыған елдердің 75-77% астам табысы интеллектуалды экономикадан, адам капиталынан, жоғарыда айтылған салалардан түседі екен, ал 23-25%-ақ негізгі қор, өндірістен, шикізатты игергеннен түседі. Бізде керісінше, тек шикізат елі болып, мұнай-газ, қазба-байлықтарымызды экспорттау арқылы пайда табудамыз. АҚШ болса, қазба-байлыққа өте бай ел бола тұрып, кен орындарын ашып, бағалап, келешек үшін қайта жауып қояды. Ал біз болсақ, балалар мен немерелеріміздің болашақ несібесіне қол салып, 100 млн.жуық баррельге дейін өндірудеміз. Біраз жылдан кейін өсіп келе жатқан ұрпақ сұрау салмай ма? Бұл дегеніміз, біз экономикамызды әртараптандырып, интеллектуалды экономиканы меңгермесек, онда жаһандану көшінен мәңгілік қалып қоюымыз мүмкін, айналадағы алпауыттарға жұтылып кету қаупі де негізсіз емес.

Махат Садық: Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Жолдауында: «Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн. Жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып (47-ден 30-ы), мәліметті цифрлық түрде растау тәсілін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бізде мекенжай, мүліктік және өзге де анықтамалар бойынша оң тәжірибе бар. Мемлекеттік органдар жеке куәлікті, дипломды, жүргізуші куәлігін электронды түрде қабылдауға тиіс. Халыққа электронды сервистерді қолдануды ыңғайлы ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де, бизнесте де биометрияны кеңінен пайдаланған жөн», деп атап өтті. Пандемия кезінде электрондық сауда адамның негізгі қажеттіліктерін жаба бастады. Халық азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тауарларын көбірек сатып алуда. Ептеп болса да алға жылжу байқалады.

Оразәлі Сәбден: Егер дамыған елдер индустрализация арқылы қазіргі экономикалық бақуаттыққа, өркениетті дамуға ғасырлар бойы ақырындап қол жеткізсе, біз феодализмнен социализмге, социализмнен капитализмге тез өттік. Біздің ерекшелігіміз де осында. Бір жүйеден екінші жүйеге тарихтың бетбұрысы себебінен жылдам өткен кезде, қоғамда сана дағдарысы болатыны анық. Сана дағдарысы тез дамудың себебі, сондықтан, «алдымен сананы өзгерт» деген афоризмде көп мағына жатыр. Еуропаның ескі қалаларында инфрақұрылым ескірген, оларды жаңа технология арқылы жаңғыртуға үлкен шығын қажет. Біз болсақ, кеше ғана пайда болған интернет технология, цифрлы экономика, технологиялық укладтар арқылы тағы бір-ақ секіріп қатты дамуымызға болады. Бұл Үндістан, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея елдері тәжірибесінде бар. Әлемдік технологиялық прогрестің арқасында біз уақыт ұтамыз. Сол үшін енді «ұйықтауға», ата-бабаларымыздың қалдырған жер байлығын қаннен қаперсіз игере беруге болмайды. 30-40 жылда олар да таусылады. Сол уақыттарда тіпті мүлдем кеш қалуымыз мүмкін.

Дәл осы жерде біз екі нәрсені ұштастыра білуіміз керек. Бір жағынан әлемдік ғылыми-техникалық прогрестің жаңалықтарын игеру, екінші жағынан, адам капиталын қалай сапалы жасаймыз, сол туралы ойлану. Ат төбеліндей халқымызды қайтсек алдыңғы қатарлы, білімді қоғам жасаймыз? Міне, мәселенің түп-тамыры қайда жатыр. Ол үшін түбегейлі реформалар жасау керек. Озық тәжірибені алға кеткен Эстониядан да, басқадан да алайық. Құр мақтана беруді қойып, өзімізге ішкі аудит жасап, бар потенциалымызды, мүмкіндігімізді есептеп, неге шамамыз келеді, нені ықшамдау қажет, басымдылықтарды белгілеп, түбегейлі іске кірісу керек.

Махат Садық: Бір жолы «Қазақстанның адами капиталына аудит жасау« керек дедіңіз. Біз миллиардтан астам халқы бар Қытай емеспіз, бас-аяғы он тоғыз миллион адамның қандай мамандығы бар, жас мөлшері қандай, қандай қабілеті басым екенін анықтап алмай алға баса алмайтынымызды көптен бері айтып келесіз. Расында да, сарапшылардың айтуынша ел экономикасы дамуының 55%-ы адами капиталдың әлеуетімен өлшенеді екен. Яғни, келешекте кез келген мемлекеттің бай болуы Жер байлығынан г өрі адамының ақыл-ойына, білім-парасатына тікелей байланысты болмақ.
Жалпы, Оразілі аға сөзіңіздің жаны бар. Ендігі жерде, ел болып етек-жеңімізді жинап, мамандарымыздың бас-аяғын түгендеп қойғанның еш артықтығы жоқ. Өткендегі індет үдеген тұста дәрігер жетпей ділгір болып, «зейнетақыға шыққан қанша ақ халаттымыз бар, студент боп жүрген медиктеріміз неше?», деп дағдарып, дал болып қалдық. Ал, егер мысалы, медицина қызметкерлерінің жалпыреспубликалық мәліметтер базасы болса, бірден қарттар ротасы, жастар дивизиясы сияқты нақты резервті іске қоса қояр едік. Ел Президенті күні кешегі халыққа Жолдауында тапсырған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құруда осы мәселелерге мән берген абзал деп ойлаймыз.

Оразәлі Сәбден: Мінеки, мен осы мәселені тегінен айтып жүрген жоқпын. Келешегімізді ережесі осы. Цифрлы технологияның қоғамдық салаларды дамуда пайдасы өте көп. 1940 жылдары үшінші өндірістік революциясы үлкен бөлмеге зорға сиятын есептеу машинасын алып келсе, қазіргі технологиялық дамудың жаршысы сол еді. Ол уақытта атасы Норберт Винер боп есептелетін кибернетика заманы басталды. Ал ендігі заман 4-ші өндіріс революциясы уақытысында барлық ақпараттарды бір жерге жинап, сақтап, өңдеуден өткізіп, оларды кез келген жерге жеткізу арқылы тез шешімдер қабылдау маңызды. Мысалы, бұл жаңа технологиялар арқылы, блокчейн, интернет жүйесі, цифрлы технология, кванттық технология, киберрискіге дейін, ары қарай жасанды интеллект, робототехника, дрондар, алдыңғы қатарлы материал, аддипті өндіріс, көп өлшемді печать, геном сияқты әлемнің ең озық инновациялық жаңалықтарын адамзат пен табиғат алдында игеру алдымызда тұр. Цифрлы технология адам денесіне қалай кіреді? Бұл этикалық мәселе қалай шешіледі? Адам өзгерісі мен жасанды интеллект, роботтардың ара қатынасы қалай болмақ, бірін-бірі алмастыра алады ма? Оларды адам басқарып реттейді ме, жоқ әлде жасанды интеллект басымдық жасап кете ме?

Осылардың бәрін математиканың көбейту есеп кестесі сияқты егжей-тегжей білуіміз керек және қалай игеріп өмірімізге пайдалану жол картасын жасауымыз қажет. Ол үшін адамның психологиясы, сана-сезімі өзгеруі қажет. Бұның бәрі сана революциясына әкеп тірейді. «Қазақ халқы осыған даяр ма?» деген сұрақ туады. Онда «қалай жасау керек? Қанша шығын кетеді? Қанша уақыт керек? Қандай нәтиже аламыз? Басқаларды қалай қуып жетеміз?» деген сұрақтар жауабын күтуде. Климаттың температурасы 2 градусқа көтерілсе, не істеу керек? Басқа планеталар мен байланыс қалай болмақ? Жер, ауа, космос қалай қатынаста болады? Бұл жерде деректер базасы, геоинженерия, космос технологиясын игеру сияқты тың, маңызды мәселелер алдымызда тұр.

Адамзаттың дамуына басқалармен қоса, әсіресе, екі нәрсе тікелей әсер етеді деп ойлаймын. Біріншісі, ғарыш саласындағы іздену жұмыстары, өмір сүруге лайықты жаңа планета табу;

Екіншісі, әлемді, өмірді жақсарту үшін жасанды интеллекті игеру. Бізге келсек, осыларды тек «білімді қоғам» жасағанда ғана шешуге болады. Осы жерде Стивен Хокингтың сөзін келтіргенді жөн көрдім: «Күн жүйесінде ғылыми ізденіс жасайтын уақыт келді. Мүмкін, өзімізді-өзіміз құтқару үшін бір-ақ мүмкіндік – космосты игеру мүмкіндігі қалған болар?»

Махат Садық: Шағын әңгімеңізге рақмет. Былай қорытындылағым келеді: Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов эпидемиологиялық жағдай­ға байланысты жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталатынын айтқан. Қашықтан оқыту форматында 2,6 млн кезекші сыныптарда 530 мың, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде. Яғни, оқушылардың 80 пайызы, ЖОО студенттері 100 пайыз қашықтан оқиды деген сөз. Халықтың тең жартысы ауылды жерде тұратынын ескерек, жоғарыда айтылған екі мың ауылдың интернетке қосылмауы жаңа оқу жылында мәселе туындататыны сөзсіз.

Жасанды интеллект туралы әңгімемізді кейінге қалдыра тұрайық. Әзірге, өзекті тақырып, интернетпен ел тұрғындарын қамту мәселесінің орындалуын шешіп алсақ деймін. Жасанды интеллект өмірімізге орасан өзгеріс әкелетіні рас. Екінші жағынан, жасанды интеллект бүкіл тіршілікті жоюы да мүмкін. Қандай цивилизация болса да бірінші басымдылық адами құндылыққа қатысты көкейкесті шаруаларды шешіп алайық. Содан кейін жасанды интеллект, жаңа технология тағы да басқа тақырыптарға қатысты сұхбатымызды жалғастырармыз .

Фото: dalanews.kz
Соңғы жаңалықтар