Чемпиондар лигасында «Реал Мадрид» пен «Ювентус» жарыстан шығып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Чемпиондар лигасында ширек финалға жолдама алған тағы екі команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, доп додасы 11 наурыздан кейін коронавирус індетіне байланысты кейінге шегерілді. Турнирдің 1/8 финалындағы төрт ойын болып, қалған төртеуі өткізілмей қалған еді.

Ширек финалға наурыз айында «Лейпциг» (Германия), «Атлетико Мадрид» (Испания), «Аталанта» (Италия) және «Пари Сен-Жермен» (Франция) командалары жолдама алған болатын.

Бүгін Англияда жергілікті «Манчестер Сити» және Испанияның «Реал Мадрид» командалары кездесті. Ағылшындар Мадридте өткен алғашқы ойында 2:1 есебімен басым түскен еді. Сондықтан «Реал Мадрид» бүгін барын салды. Дегенмен ойында «Манчестер Сити» сапынан Рахим Стерлинг 9-минутта есеп ашты. Оған 28-минутта «Реал» шабуылшысы Карим Бензема бір голмен жауап берді.

Ал 68-минутта ағылшын клубының ойыншысы Габриэл Жезус «Манчестер Ситиді» тағы да алға шығарды. Кездесуде ағылшын клубы 2:1 есебімен жеңіске жетіп, жарыстың келесі сатысына жолдама алды.

Тағы бір ойын Италияда өтті. Туриннің «Ювентусы» өз алаңында Францияның «Лион» клубын қабылдады. Ойынның 12-минутында «Лион» ойыншысы Мемпис Депай пенальтиден есеп ашса, оған «Ювентус» сапынан Криштиану Роналду да 43-минутта пенальтиден жауап берді.

Криштиану Роналду 60-минутта тағы бір мәрте мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. Кездесуде «Ювентус» 2:1 есебімен басым түсті. Дегенмен алғашқы ойында 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Лион» жарысты жалғастыратын болды.

Ширек финалда «Манчестер Сити» мен «Лион» өзара жұп құрады.

Турнирдің аталған сатысындағы тағы екі ойын 8 тамызда өткізіледі. Бұл күні «Барселона» (Испания) мен «Наполи» (Италия), «Бавария» (Германия) мен «Челси» (Англия) командалары кездеседі. Ойындар «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан елорда уақытымен 00.50-де тікелей эфирде көрсетіледі.

Чемпиондар лигасының қалған бөлігі Португалия астанасы - Лиссабон қаласында өтеді. Ол сегіздік финалы форматында болады. Ойындар 10-23 тамыз аралығында өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар