Чех тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздері» кітап болып шықты

None
None
ПРАГА. ҚазАқпарат - Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп чех тіліне аударылған «Қара сөздер» кітабының онлайн таныстырылымын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Қазақстан мен Чехияның ғылыми топтары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстандық дипломаттар Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұлы ақынның сөздері ерекше мәнге ие болатынын атап өтті.

Чех «Азия достары клубының» жетекшісі, профессор, философия ғылымдарының докторы Иржи Шима кітаптың жарық көруі чех жұртшылығына әлемдік әдебиеттің дамуы мен қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қазақтың ұлы ақынының шығармашылығымен танысуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Карлов университетінің профессоры Томас Кучера: «Қазақтың ойшылы және ақыны Абайдың кітабы теңдесі жоқ басылым. Бұл чех оқырмандарына қазақ халқының тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және бұл біздің мәдениеттерімізді жақындастыратыны сөзсіз», деді.

Чех бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сөздері де қызығушылықпен тыңдалды.

Қазақстандық тараптан презентацияға қатысқандар: ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директорының орынбасары Әлия Қожабекова, «Қазақстан Жазушылар одағының» төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Мамытжанов.

Чех тіліне аударылған «Абайдың қара сөздерін» Қазақстан Республикасының Елшілігі Прагадағы білім беру мекемелерінің кітапхана қорына жібереді.


Соңғы жаңалықтар