Cемейлік оқушылар обырды емдеу саласын зерттеп, авторлық құқық алды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Физика әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Асхат Жұмабеков 11 сыныпта оқитын өз шәкірттері Бек Кадесов және Әлішер Рымқанмен бірге онкотерапияда қолданылатын алтын нанобөлшектердің құрылымын зерттеген. Бұл табысты жұмыстары үшін олар авторлық құқық алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өнертапқыштарға осы жобаны іске асыруға 1 жарым жылдай уақыт кеткен. Бұл зерттеу химиотерапия және сәулелік терапияның дәстүрлі құралдарына балама табу мақсатында жүргізілген.

Мұғалім өз оқушылары Бек Кадесов және Әлішер Рымқанмен бірлесіп бірқатар тәжірибелер нәтижесінде медициналық мақсатта қолданылатын, дұрыс сфералық пішіндегі алтын нанобөлшектерді алды. Осы мақсатқа жету үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінің, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің, Д.Серікбаев атындағы ШҚМУ-дың зертханаларында әртүрлі тұрақтандырғыштар, алтын нанобөлшектерін табу және анықтау әдістері зерттелген екен.

«Шәкірттерім өте жақсы жұмыс істеді. Алынған алтын нанобөлшектердің құрылымын зерттеу үшін бөлшектердің морфологиясын және олардың мөлшерін анықтауда спектрометрия және тарату электронды микроскопиясын қолдану арқылы тәжірибелер жүргізілді. Ең ұзақ кезең – пайдалы әдебиетті және осы бағыттағы дереккөздерді зерттеу болды. Көздеген мақсатқа жету үшін оқушылар физика, химия, математика, биология және компьютерлік модельдеу пәндерін қатар қарастырды», - дейді Асхат Жұмабеков.

Оның айтуынша, бұл зерттеу STEAM-дағы пәнаралық және онкологиялық терапиядағы әдістерді жетілдіруге ықпал етеді. Алтын нанобөлшектерді қолдану компьютерлік модельдеумен көрінген.

«Болашақта қатерлі ісік жасушалары бөлімдерінде алтын нанобөлшектерін сынау жоспарлануда. Ол үшін Семей қаласындағы ядролық медицина және онкология ғылыми-зерттеу институтымен меморандум жасау ойымызда бар. Осы ретте бізге қолдау білдірген мектебімізге, ата-аналарға, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің PhD аға оқытушысы, ғылыми кеңесшіміз А.Кливенкоға, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ бас маманы А.Джеске алғысымызды білдіреміз», - дейді жоба жетекшісі.

11-14 ақпан аралығында Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайынғы республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытынды кезеңін өткізді. Оған Бек Кадесов пен Әлішер Рымқан қатысып, авторлық құқық алған жобаларын ұсынған. Әділ-қазылардың шешімімен жас өнертапқыштар екінші орынды иеленді.

«Осымен тоқтап қалмаймыз. Әлі алда істе асырмақ жоспарларымыз аз емес. Авторлық құқық алған жобамызды ары қарай жалғастырамыз. Қазіргі уақытта мектептер алдында ХХІ ғасырдың жаңа көшбасшыларын қалыптастыру және олардың шығармашылық белсенділігін арттыру міндеті тұр. Мұғалімдер оқушылардың ой-өрісін дамытып, ғылымға деген қызуғушылықтарын арттыру керек деп санаймын», - дейді Асхат Советханұлы.


Соңғы жаңалықтар