БЖЗҚ жасы жеткендерді зейнетақы төлемін рәсімдеуге шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «БЖЗҚ» АҚ зейнеткерлік жасқа (ерлер – 63 жас және одан жоғары, әйелдер – 2020 жылы 59,5 жас және одан жоғары) жеткендерге, зейнетақы жинағы бар және зейнетақы төлемін алуға өтініш білдірмегендерге қордан зейнетақы төлемін алуға құқылы екендігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қордың мәліметінше, әсіресе 2020 жылы 59,5 жасқа толған әйелдер зейнетақы тағайындауға жыл соңына дейін өтініш бермесе мұны келесі жылы тек 60 жасқа толғаннан кейін ғана рәсімдей алады.

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл сайын жарты жылға ұлғайып, 2027 жылы ерлермен теңесетіні белгілі.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін алушы өтініш берген күннен бастап белгіленеді және зейнетақы жинағы таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Зейнеткерлік жасқа толуына байланысты бірыңғай өтініш беру үшін Мемлекеттік корпорацияның жұмыс кестесіне сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа өзіңізге ыңғайлы уақытта жүгіну қажет. Зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтінішті зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі 10 күн ішінде беруге болады.

Бірыңғай өтініш негізінде алушыға мемлекеттік кепілдік (инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма) төлеу бойынша белсенді қызмет те көрсетіледі.

БЖЗҚ алушылардың Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелеріне сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің сомасын мемлекеттік корпорацияға аударады.

Ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы № 1042 қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады.

Бұл ретте ай сайынғы зейнетақы төлемінің есептелген мөлшерінің төлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем емес мөлшерде жүзеге асырылады (01.04.2020 ж. бастап – 17 640,72 теңге = 54% * 32 668).

Егер өтініш берілген күнгі зейнетақы жинағының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспайтын болса, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет біржола төленеді (01.04.2020 ж. бастап бұл сома 485 292 теңгеге тең = 12 * 40 441).

Егер кезекті ай сайынғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-ғы зейнетақы жинақтарының қалдығы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем соманы құраса, бұл қалдық кезекті төлемнің сомасымен бірге төленеді.

Мемлекеттік корпорация БЖЗҚ-дан бюджет қаражаты және зейнетақы жинағы есебінен төлемдерді алушының өтініште көрсетілген банк шотының біріне бір күн ішінде жүзеге асырады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарының төлемі қазір мынадай жағдайда:

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткенде;

мерзімсіз уақытқа I немесе II топтағы мүгедектік белгіленгенде;

жерлеу және мұрагерлік;

ерікті зейнетақы жарнасы есебінен – елу жасқа толғанда, сондай-ақ, мүгедектік белгіленгенде жүзеге асырылады.


Соңғы жаңалықтар