БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын алуға қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы жинағын мақсатты пайдалануға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, салымшылар мен алушылардың өз жинағына қызығушылығы артты. Осы орайда жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға сұраныс саны көбейген. Яғни, қабылданған заңнамалық өзгерістердің жағымды жағының бірі – зейнетақы алуға да, ағымдағы қажеттілікке де пайдалануға мүмкіндік беретін зейнетақы жинағына деген қызығушылықты арттыру. Зейнетақы жинағын пайдалану үшін оларды қалыптастыру қажет. Ал ол үшін еңбек еткен уақыт ішінде зейнетақы жарналары тұрақты және толық көлемде аударылып отырғаны жөн. Осылайша, салымшылардың құқығы кеңейтіліп, олардың өз жинағын қалыптастыруға деген қызығушылығын, еңбек табысының ашықтығын, басқарудың тиімділігін арттыруы тиіс тетіктер іске қосылды.

2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мынадай сандарды келтіруге болады: 761 мыңнан астам адам мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады, олардың шоттарында 2,4 трлн теңгеден астам қаражат бар.

«Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинағын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс. БЖЗҚ Қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы үзінді-көшірме алудың қолжетімді және жедел тәсілдерін ұсынады. Зейнетақы шотының жай-күйін egov.kz порталы арқылы да тексеруге болады. Зейнетақы жинақтарын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға (Отбасы банк) жүгіне алады. Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті оператордың арнайы шоттарына салу үшін аударуды жүзеге асырады», - деді Ж. Құрманов.

Оның сөзіне қарағанда, салымшы зейнетақы жинағын мақсатты қажеттіліктерге алған кезде жеке табыс салығын төлеу тәсілін таңдау құқығына ие болады (жарналар аударылған кезде ЖТС алынбағанын ескертеміз). Яғни азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыруды таңдаса болады немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге ақы төлеуге арналған жинақтарын алған кезінде ЖТС-ты толық көлемде өтей алады.

Еске сала кетейік, Парламент зейнетақы жинағының бір бөлігін алған кезде табыс салығына қатысты түзетулерді қабылдады.


Соңғы жаңалықтар