БЖЗҚ салымшыларының 2020 жылғы таза инвестициялық табысы 1,2 трлн теңгеден асты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинағының сомасы 2021 жылдың 1 қаңтарында 12,9 триллион теңгеден асты. Оған зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс кіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қордың мәлімдеуінше, 2020 жылдың 12 айында салымшылардың шоттарына 1,2 трлн теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есептелді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есеге жуық мөлшерге артық (2019 жылғы таза инвестициялық кіріс 641,8 млрд теңге).

Айта кетейік, 2020 жылы 1 өаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейін инфляция 7,5% болған кезде кірістілік 10,92% құрады.

«Жеке зейнетақы шотына түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы Ұлттық банкі түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинағының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижесіне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді», делінген хабарламада.

Жалпы алғанда, барлық зейнетақы активтері қорға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 4,7 трлн теңгеге жетті. 2021 жылдың 1 қаңтарына зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 34,5% құрады.

«Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алатын болсақ, таза инвестициялық табыс 5,5 триллион теңгеден асты. Осы уақыт ішінде инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 602,90% құрады. Ал инфляция 496,65% болды. Осылайша 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 106,25%», делінген хабарламада.

Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдаған орынды.


Соңғы жаңалықтар