«БЖК-2020» аясында 13 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 13 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған бағдарламаның іске асырылу барысы жайында баяндаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бағдарлама іске асырылған 4 жылда республикалық бюджеттен 210 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат 13 мың ШОБ субъектілерін қаржыландыруға, орта есеппен жылына 20 мың кәсіпкерді оқытуға, 10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн теңгеге өнім шығаруға мүмкіндік берді. Ал, төленген салық сомасы жыл сайын 175 млрд теңгені құрайды", - деді министр.

Оның дерегінше, бөлінген қаражаттың көп бөлігі кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталды. 53 млрд теңге немесе бөлінген қаражаттың 25 пайызы фабрикалар, зауыттар мен шағын және орта бизнестің өндірістік нысандарына жетіспейтін инфрақұрылым жүргізуге жұмсалды. Қаражаттың қалған бөлігі кредиттерді кепілдендіруге, гранттар беруге, оқытуға және кәсіпкерлерге консультациялық қызмет көрсетуге жаратылды.

"Осы жылдар бойы бөлінген қаражаттың 100 пайыз игерілуі қамтамасыз етілді. Бағдарлама құралдарына сұраныс өте жоғары. Бұл ретте 2019 жылы қаржыландыруға бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 57 пайыз артық қаражат көзделген. Бағдарлама іске асырылған 4 жылда 246,5 млрд теңге сомасына 13 231 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылды. 2019 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша 715 жобаға қолдау көрсетілді, олар бойынша 11,5 млрд теңге сомасына субсидиялар мен кепілдіктер төленді",- деді Р. Дәленов.

Министрдің дерегінше, бағдарламаның іске асырылуының 4 жылында 135 млрд теңге сомасына 7 466 жоба субсидияланды, 56 млрд теңге сомасына 4 148 жобаға кепілдік берілді.

"Республика бойынша субсидияланған жобалардың жылдық орташа саны 466 жобаны құраған кезде, аталған көрсеткіштің төменгі мәні Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында екенін атап өту қажет. Республика бөлінісінде бір жылда кепілдік берілген жобалардың орташа саны 259 жобаны құраған кезде, кепілдік берілген жобалардың ең төмен саны Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында байқалды",- деді ол.

Соңғы жаңалықтар