Бюджеттік жоспарлау процестерін автоматтандыру аяқталады – Қаржы министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Стратегиялық жоспарлардың 261 индикаторына қол жеткізілді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы бюджет шығыстары 351 бюджеттік бағдарлама аясында 63 стратегиялық бағыт бойынша жұмсалды. Стратегиялық жоспарлардың 261 индикаторына қол жеткізілді. Қаражаттың едәуір бөлігі 13 мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыруға бағытталды. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы есебінен транзиттік жүк көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 20 пайыздан астам өсіп, 23,5 млн тоннаға жетті. «Нұрлы жер» бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша 105 мыңға жуық жұмыс орны сақталды және ашылды. Агроөнеркәсіптік кешен мемлекеттік бағдарламасы бойынша 29 мыңнан астам жоба инвестициялық субсидиялаумен қамтылды», - деді Е. Жамаубаев.

Оның сөзіне қарағанда, Есеп комитеті мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі жөнінде бірқатар мәселелерді атап өтті. Олар жұмыс топтарында да талқыланды.

«Мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру ағымдағы жылы қабылданған Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бюджеттік жоспарлау процестерін автоматтандыру аяқталатын болады. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көрсеткіштер қаржы шығыстарымен өзара байланысты макроиндикаторлар мен индикаторларға бөлінетін болады. Сіздердің қарауларыңызға енгізілген бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі заң жобасында үшінші тоқсаннан кейін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының нысаналы индикаторларының мәндерін түзетуге тыйым салу ұсынылады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар