Бюджетті нақтылау нәтижесінде оның әлеуметтік басымдығы сақталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздердің қарауларыңызға 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасы ұсынылып отыр. Нақтылау «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын, Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары мен тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз етуге, сондай-ақ COVID-19 індетімен күресуге бағытталған. Аталған мәселелерді шешу үшін 1,3 трлн теңге сомасында қосымша шығыстар көзделді», - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның ішінде:

- «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға – 884 млрд тенге;

- коронавируспен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды қаржыландыруға - 265 млрд теңге;

- Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бұрын қабылданған міндеттемелерді орындауға – 154 млрд теңге.

«Бюджетті нақтылау нәтижесінде оның әлеуметтік басымдығы сақталған, ал нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұл туралы бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Осылайша, оның 723 млрд теңге сомасында едәуір үлкен бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталған. Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер ететін болады. Нәтижесінде, осы саланың шығыстары 2,4 трлн теңге немесе жалпы шығыстар көлемінің шамамен 16 пайызы мөлшерінде жоспарланып отыр.

Бюджеттің әлеуметтік саласы жалпы алғанда 374 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені немесе жалпы шығыстардың 48,7 пайызын құрайды», - министр.

Оның айтуынша, күш құрылымы шығыстары 211 млрд теңгеге өсіп, 1,6 трлн теңге сомасында жоспарланған.

Жалпы мемлекеттік шығыстар 80 млрд теңгеге қысқартылып, 3,3 трлн теңгені құрайды. Бұл шығыстардың азаюы Президенттің бастамаларына арналған резервті қайта бөлумен байланысты.

«Қосымша шығыстардың айтарлықтай үлесі нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетінін атап өту қажет. Олардың жалпы сомасы 539 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 335 млрд теңге. Нәтижесінде, республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. Республикалық бюджет түсімдері 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 12,6 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге 3,5% деңгейінде болжанып отыр, яғни 149 млрд теңгеге өскен. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 1,3 трлн теңгеге артып, 15,3 трлн теңгені құрайды», - деді Е. Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар