«Бюджетке қатысу»: Алматылықтардың ұсынысымен қандай жобалар іске асырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қала тұрғындарының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан нысандар бойынша баспасөз турын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджетке қатысу» - бұл өзара іс-қимыл тетігі. Мұнда алматылықтар бюджет қаражаты есебінен аула алаңдарын жақсартып, жаңа гүлзарлар немесе тротуарлар салуға ұсыныс жасай алады.

Тұрғындар ауданның, көшенің, ауланың келбетін жақсартуға өз үлестерін қоса алады. Ол үшін өтінімді осы жылдың 20 қазанына дейін budget.open-almaty.kz сайтында қалдыру қажет. Сараптама комиссиясы сметаны және өзге де құжаттаманы дайындау мәселелерінде жәрдем көрсетеді. Қандай идеялар іске асырылатыны туралы шешімді осы ауданның аумағында тұратын қала тұрғындарының өздері қабылдайды. Биыл әрбір ауданға 800 млн теңге бөлінді. Бір жобаның сомасы 55,5 млн теңгеден аспауы тиіс.

Жалпы, осы жобаның арқасында қала тұрғындары «шетсіз қала» қағидасына сәйкес тұрғылықты жеріне қарамастан жалпы пайдалану орындарын жақсартып, демалыс пен бос уақытты өткізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ете алады.

Баспасөз туры барысында пайдалануға берілген нысандар немесе іске асырудың соңғы сатысында тұрған жобалар таныстырылды. Турға қатысушылар негізінен қалаға кейіннен қосылған төрт аудандағы абаттандырылған саябақтарға, балалардың ойын және спорт алаңдарына барды.

Атап айтқанда, Түрксіб ауданындағы балалардың ойын алаңын, Жетісу ауданы Айнабұлақ-1 шағынауданындағы саябақты, Наурызбай ауданындағы баскетбол, футбол және Workout алаңдарын, Медеу ауданының Самал-1 шағынауданынындағы саябақты аралап көрді.

Одан бөлек, олар Наурызбай ауданындағы Қалқаман-2 шағынауданына барып, онда баскетбол, футбол және Workout алаңдарын аралады. Бұл аумақта шағын архитектуралық формалар орнатылып, резеңке төсемдер салынды. Наурызбай ауданы тұрғындарының бастамасымен 7 жоба іске асырылды. Олардың көбі іргелес аулаларды, саябақтарды абаттандыруға, балалар және спорт алаңдарын орнатуға қатысты.

«Биыл Наурызбай ауданында «Бюджетке қатысу» жобасының аясында 6 балалар, спорттық алаңдар салынды. Қалқаман-2 шағынауданында үш нысан: скейтборд, баскетбол алаңы, Workout аймағы бар. Жобаның аясында көгалдандыру, аумақты жарықтандыру қарастырылған», - деді Наурызбай ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы Оңалбек Қыдырбаев.

Одан кейін баспасөз турының қатысушыларына Жетісу ауданы Айнабұлақ-1 шағынауданындағы гүлзар таныстырылды. Бүгінде мұндағы жұмыстар аяқталған. Аумағы 2400 шаршы метр болатын саябақ аумағында резеңке жамылғы, асфальт төселген.

Орындықтар, урналар орнатылған, 2 workout алаңы бар.

«Бұл – шөп басып кеткен, бос жатқан жер болатын. «Бюджетке қатысу» жобасының аясында аталған жобаны тұрғындармен бірлесіп жасап, олардан ұсыныстар қабылданды. Бұл аумақта тұрғындар үшін барлығы қарастырылған», - деді Жетісу ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы Ернар Батыров.

Баспасөз турына қатысушылар Түрксіб ауданы, Бекмаханов көшесі бойындағы Спасская көшесінің бұрышындағы балалар ойын алаңының ағымдағы жөндеу жұмыстарымен де танысты. Оның жанында футбол алаңы бар. Алаң ойын жабдықтарымен, шағын сәулет формаларымен жабдықталған. Жарық тартылған, орындықтар мен урналар бар. Алаңдар 11 көппәтерлі және 80-нен астам жеке тұрғын үйге жақын орналасқан.

«Бұл жерде, көріп отырғандарыңыздай, балалар алаңының жөндеу жұмыстары бойынша жұмыстар жалғастырылды. Жұмысты ауданның мердігер ұйымдары жүргізді, ол жұмыстар мамыр айында басталып, шілдеде аяқталды. Содан бері тұрғындар осы алаңды пайдалануда. Жалпы, 2019-2020 жылдарға арналған «Бюджетке қатысу» жобасының аясында Түрксіб ауданында бес жоба жүзеге асырылды», - деді Түрксіб ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Райхан Нұрпейісова.

Сондай-ақ Медеу ауданы Самал-1 шағынауданындағы саябақты абаттандыру жобасы таныстырылды. Мұнда жөндеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Саябақ аумағындағы қоғамдық кеңістікті жайластырумен бірге жасыл аймақты дамыту және жалпы қалалық ортаны жақсарту көзделген. Саябақта спорт алаңы пайда болады, орындықтар мен урналар орнатылады. Жарықпен қамтамасыз ету үшін кабель төселеді, 15 жарықтандыру тірегімен жабдықталған. Газон төселіп, 30 түп көшет және 50 бұта отырғызылған.

«Бұл жобаның авторлары осы шағын ауданның тұрғындары. Жобаны комиссия мақұлдап, басқа тұрғындар да қолдады. Жолдасбеков көшесінің бойында балалар алаңдары жеткілікті болатын, алайда үлкендерге, соның ішінде қарт адамдарға арналған спорт алаңдары жоқ болатын», - деді Медеу ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің басшысы Мақсұт Нұрғалиев.


Соңғы жаңалықтар