БҰҰ Латын Америка мен Кариб бассейнін пандемия ошағы деп атады

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – COVID-19 пандемиясы ошақтарының бірі Латын Америка мен Кариб бассейні аймағы болып отыр. Мұнда әлеуметтік теңсіздік артып, бейресми жұмыспен қамту деңгейі жоғары. Өңірде медицина баршаға қолжетімді емес. Денсаулық сақтау органдарының жұмысы барлық жерде жолға қойылмаған. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді. Ол кедейлерге, мүгедектерге, қарттарға, әйелдерге, байырғы халықтардың өкілдеріне, мигрант босқындарға ең үлкен қауіп төніп тұрғанын ескертті. ҚазАқпарат бұл туралы БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап.

БҰҰ Латын Америка мен Кариб бассейніндегі пандемияның жағдайы туралы аналитикалық мәлімет ұсынды. Онда COVID-19 індетін тоқтату және дағдарысты сәтті еңсеру туралы ұсынымдар берілген. Құжатта теңсіздікпен күрес жүргізілмесе және халықаралық көмек болмаса өңір елдері күйзелістерге төтеп бере алмайтыны айтылған.

«Қазірдің өзінде күшті теңсіздік, бейресми жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі және медициналық қызметтердің фрагменттелуі жағдайында халықтың ең осал топтары өте қиын жағдайға тап болып отыр», - деді БҰҰ басшысы Нью-Йорктегі виртуалды брифинг барысында.

Пандемияға байланысты өңірде кедейлік деңгейі 7 пайызға артады, осылайша 230 миллион адам кедейлер санатында, ал 96 миллион адам қайыршылар санатында болады. Жұмыспен қамту деңгейі 8 пайыздан астамға төмендейді. 44 миллион адам жұмыссыз қалады. Нәтижесінде теңсіздік одан әрі тереңдеп, нашарлайды. Бұл Латын Америка мен Кариб бассейні елдерінде медициналық сақтандыруға табысы төмен адамдардың 32 пайызы ғана ие.

«Біз вирустың таралуын тежеу және барлық адамның өмірі мен денсаулығы үшін күресті күшейту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бірақ біз бұрын-соңды болмаған әлеуметтік-экономикалық салдарға қатысты шаралар қабылдауға тиіспіз», - деп атап өтті Бас хатшы.

БҰҰ Бас хатшысы Латын Америка мен Кариб бассейнінің халықтарына осындай қиын кезеңде толық қолдау көрсететінін мәлімдеді. Оларды ынтымақтастық пен жанашырлық қағидаларын басшылыққа алуға шақырды. БҰҰ басшысы «біз осы дағдарысты бірге еңсере аламыз» және әркім өзін жайлы сезінетін жаңа қоғам құра аламыз деп сендірді.


Соңғы жаңалықтар