БҰҰ қолдауымен тұрақты даму бағытында жүйелі шаралар қабылданды - вице-министр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметі мен БҰҰ 2020 жылы тұрақты даму мақсатындағы бірлескен бағдарламаға 1 млн доллар грант бөлді. Бұл туралы Орталық Азия елдерінің Тұрақты даму саласындағы екінші өңірлік саммитінің панельдік пікірталасында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикер атап өткендей, 2020 жылы ҚР Үкіметі мен БҰҰ ТДМ-ны ұлттандыру және қаржыландыру бойынша бірлескен бағдарламаны іске асыруға 1 млн АҚШ доллары көлемінде грант бағыттаған.

«Бағдарлама үш мәселеге назар аударады. Бұл ТДМ қаржыландыруды әзірлеу, жоспарлау жүйесін интеграциялау және келісу, орнықты даму мақсаттарын бюджеттеу және ТДМ-ны қаржыландырудың ұлттық жүйесін жетілдіру», - деп түсіндірді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі.

Сондай-ақ, вице-министр Қазақстан экономикасын қалпына келтіру бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) жан басына шаққанда 6,5% артқанын айтты.

«Үкімет постковидтік кезеңде экономиканы қалпына келтіру жағдайында еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қолдау шараларын қабылдады. Нәтижесінде 2020-2021 жылдары жұмыссыздық деңгейі 4 және 9% деңгейінде сақталды. Халықаралық стандарт шараларына сәйкес жаңа экологиялық кодекс қабылданды. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында салалық шектеулерді алып тастау, микро және шағын кәсіпкерлікті несиелеу үшін жаңа бағыттарды енгізу шаралары қабылданды. Зардап шеккен салалар субсидияланды», - деді Абзал Әбдікәрімов.

Қазақстан БҰҰ Даму бағдарласымен бірлесіп ТДМ реттеу бойынша бірнеше құрал әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы қабылданды.

Еске салайық, Алматыда Еуропалық одақ пен Азия Даму банкінің қаржылық қолдауымен ұйымдастырылған саммит өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар