БҰҰ-да Қазақстандағы әйелдердің рөлі жөніндегі баяндама таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Женевада БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктерді жою жөніндегі комитетінде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі конвенцияны Қазақстан Республикасының орындауы туралы баяндаманы қорғауы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық делегация құрамына Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, ҮЕҰ өкілдері, сонымен қатар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл енді.

Қорғау барысында делегация басшысы, Ұлттық комиссия төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ сарапшыларының назарына Әйелдердің қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік саладағы, әйелдерді кемсітумен күресудегі рөлін жоғарылату бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі, Парламенті және үкіметтік емес секторлардың ортақ қабылдаған амалдары туралы баяндамасын ұсынды.

Делегация мүшелері комитет сарапшыларының сұрақтарына жауап берді және Қазақстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша негізгі өзгерістер туралы ақпарат ұсынды, оның ішінде: гендерлік саясатты іске асыру бойынша іс-қимылды үйлестіру тетіктерін әзірлеу; барлық саладағы әйелдердің үлесін ұлғайту; бизнес ашуға, оның ішінде ауыл әйелдеріне арналған мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту; әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және т.б.

Комитет мүшелері өздерінің сұрақтары мен пікірлерінде Қазақстанның конвенцияны іске асыру мәселелерінде алға жылжығанын атап өтті.

Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша Қазақстан 2018 жылы гендерлік алшақтық рейтингі бойынша 149 елдің ішінде 60-шы орынға ие болды, оның ішінде білім алу бойынша – 30-шы, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін жүзеге асыру бойынша – 32-ші орында. БҰҰ Даму бағдарламасының адами даму жөніндегі есебіне сәйкес Қазақстан 2018 жылы Гендерлік даму индексі бойынша 58- орынға ие болды.

Комитеттің отырысы қарсаңында гендерлік теңдік мәселелеріне баса назар аудара отырып, Президент Қ.К.Тоқаевтың Жолдауы талқыланған дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шара барысында Г.Н.Әбдіқалықова, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ж.С.Айтжанова, БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Т.Д.Валовая, сонымен қатар Бразилияның, Кореяның, Оңтүстік Африканың, Таиландтың тұрақты өкілдері сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар