БҰҰ Аралды құтқару қорымен ынтымақтастық қарарына қол қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түрікменстан мемлекетінің бастамашылығымен Біріккен Ұлттар ұйымы мен Халықаралық Аралды құтқару қоры арасында ынтымақтастық қарары қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасындағы Түрікменстан елшілігінен мәлім еткендей, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар ұйымының штаб-пәтерінде ұйымға мүше-мемлекеттердің уәкілетті өкілдерінің қатысуымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-сессиясының 85-ші жалпы отырысы өтті.

«Отырыс барысында «Біріккен Ұлттар ұйымы мен Халықаралық Аралды құтқару қорының арасындағы ынтымақтастық» резолюциясы бір ауыздан қабылданды. Аталмыш резолюцияға Түрікменстан бастамашы болды. Оның бірлескен авторы - 21 мемлекет болып отыр», - делінген хабарламада.

Арал теңізін сақтап қалу мәселесі жаһандық маңызға ие екенін алға тарта отырып, Түрікменстан аталмыш экологиялық дағдарысты шешу үшін әлемдік қауымдастықтар күш біріктіруі керектігін көтерді. Түрікменстан Халықаралық Аралды құтқару қорындағы (ХАҚҚ) өз өкілеттілігі аясында 2017-2019 жылдары Арал теңізінің бассейні үшін БҰҰ Арнайы бағдарламасын әзірлеген.

«Қабылданған резолюцияның тәртібіне сәйкес, аймақтық ынтымақтастықты күшейту мақсатында қордың жұмысын жетілдіру қажеттігіне маңыз берілді. Қабылданған қарардың маңызды тармақтарының бірі - Арал теңізі бассейні үшін БҰҰ Арнайы бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі. Сонымен бірге 2019 жылы ХАҚҚ Атқарушы комитеті арқылы БҰҰ мекемелері мен мүше-мемлекеттері үшін тиісті кеңес жүргізу болып отыр», - деді елшіліктен.

Құжатта Орталық Азиядағы тұрақты дамуды іске асыру мақсатында қоршаған ортаны қорғау бойынша аймақтық бағдарламаны тиімді түрде әзірлеу және жүзеге асыру маңыздылығы туралы ерекше сөз қозғалған.

Резолюция аясында мамандандырылған мекемелер мен өзге де ұйымдарға, халықаралық қаржы ұйымдарына Аралды құтқару халықаралық ұйымымен ынтымақтастықты дамыта беру ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар