БҰҰ: Адамдар жұмыс күнінің шамадан тыс ұзақтығынан зардап шегеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұзақ жұмыс күні инсульт пен жүрек ауруына шалдықтырады және жылына жүздеген мың адамның өліміне әкеп соқтырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтары агенттігіне сілтеме жасап.

БҰҰ-ның екі жетекші мекемесінің жаңа бірлескен зерттеуі көрсеткендей, көп жұмыс істеу кәсіби аурулардың қауіп факторына айналған.

Environment International журналында жарияланған зерттеуді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) және Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) жүргізді. Бұл –жұмыс күнінің шамадан тыс ұзақтығынан болатын өлім мен ауруды жаһандық талдаудың алғашқы әрекеті.

Мәселен, 2016 жылы инсульт пен жүректің ишемиялық ауруынан 745 000 адам қайтыс болды. Олардың барлығы аптасына кемінде 55 сағаттан жұмыс істеген. Бұл көрсеткіш 2000 жылмен салыстырғанда 29 пайызға көп. Артық жұмыс істейтін адамдардың саны күн санап өсіп келеді және қазіргі уақытта әлем халқының 9 пайызын құрайды.

Сонымен бірге, зерттеушілер аптасына 55 сағат немесе одан да көп жұмыс жасайтындарда 35-40 сағат жұмыс істейтіндерге қарағанда инсульт қаупі шамамен 35 пайызға, ал жүректің ишемиялық ауруы қаупі 17 пайызға артатынын анықтады. Жаңа талдау COVID-19 пандемиясы кезінде жұмыс уақытын ұйымдастыру мәселесі көтерілгендіктен жүргізілуде.

«COVID-19 пандемиясы көптеген адамдардың жұмысын айтарлықтай өзгертті, – деді ДДҰ бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейюс. – Қашықтан жұмыс жасау көптеген салада қалыпты жағдайға айналды. Көптеген кәсіпорындар ақшаны үнемдеу мақсатында жұмысты тоқтата тұруға немесе толығымен жабуға мәжбүр болды, ал жалақы алатын адамдар ұзақ жұмыс істеуге мәжбүр».

Сарапшылардың айтуынша, ер адамдар әйелдерге қарағанда жұмыс жүктемесі салдарынан жиірек өледі: олар жұмыспен байланысты өлімнің 72 пайызын құрайды. Шамадан тыс жұмыс жүктемесі, әдетте егде жастағыларға әсер етеді.

Мысалы, өлімнің көпшілігі 60-79 жас аралығындағы адамдар арасында тіркелген, олар 45 пен 74 жас аралығында аптасына 55 сағаттан артық жұмыс істеген. Сондай-ақ жұмыс салдарынан денсаулығы сыр беретіндердің ең көп бөлігі Батыс Тынық мұхиты мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймағының тұрғындары екені белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар