Бүркітші Айшолпан: Балапанды ұядан алу, 79 ер адаммен жарысу және қалай рекорд орнатқаны туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН, ҚазАқпарат - Ол 8 жасында қолына бүркіт ұстап, аңға шыққан. 13 жасында бүркітшілер арасында өткен сайыста рекорд орнатқан. Ол туралы түсірілген деректі фильм Оскар жүлдесіне ұсынылса, жақын арада кітап жарық көреді. Бүгінгі мақала әлемге саятшылық дәстүрді ұстанған ең жас қыз ретінде танымал болған Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы болмақ.

8 ЖАСЫМДА БҮРКІТ ҰСТАП, АҢҒА ШЫҚТЫМ

- Айшолпан, сұхбатты не себепті басқа емес, бүркіт ұстау жаныңа жақын болғаны туралы айтудан бастасақ...

- Мен ағамның бүркіт ұстағанын көріп өскендіктен, бүркітті жақсы көрдім. 8 жасымда әкеме бүркіт ұстағым келетіні туралы ойымды айттым. Ол қарсы болған жоқ. Әкем мені құсбегілікке баулыды. Ең алғаш қыс мезгілінде әкем, атам үшеуміз тауға аң аулауға шыққан кезіміз есімде. Мен бүркітті өзім ұшырдым. Ол қасқыр аулады. Әкем мен атам барып бүркіт пен қасқырды ажыратып алды. Жалпы, бүркіт ұшыру кезінде еркіндікті сезінемін. Осы сезім маған ерекше ұнайды.

- Сенің танымал болуыңа себепші болған израильдік фотограф Ашер Свиденскиймен қалай таныстың?

- Израильден келген фотограф Ашер Свиденский біздің ауылдың тыныс-тіршілігі, бүркітшілер туралы сурет түсіруге келген. Ол кезде мен 13 жаста едім. Әкеммен бірге аңға шығып жүрген кезім болатын.

МЕН ТУРАЛЫ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ ЕКІ ЖАРЫМ ЖЫЛ ТҮСІРІЛДІ

- Фотограф суреттерді режиссер Отто Беллге көрсеткен соң өміріңде қандай өзгерістер болды?

- 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымында мен туралы мақала жарық көрді. Сөйтіп әлемге саятшылық дәстүрді ұстанған ең жас қыз ретінде танымал болдым. Одан кейін америкалық режиссер Отто Белл мен туралы «Бүркітші қыз» атты деректі фильм түсіріп, «Оскар» сыйлығына ұсынды. Деректі фильм 15 үздік фильмнің қатарына енді.

- Деректі фильмді түсіру барысында қандай қызықты оқиғалар болды?

- Деректі фильм 2014 жылдан бастап екі жарым жыл түсірілді. Түсірілім жұмыстары аяқталған соң АҚШ, Корея, Дубай және тағы басқа әлемнің түкпір-түкпіріндегі 31 мемлекетте деректі фильмнің көрсетілімі жүрді. Мен осы мемлекеттердің бәрінде болдым. 31-мемлекет Қазақстан еді. Бұл – мен үшін ең қуанышты тосын сыйға айналды.

ҮШ ЖЫЛ БҰРЫН ЖАЛҒЫЗ ЕДІМ, ҚАЗІР 15 БҮРКІТШІ ҚЫЗ БАР

- Сен өмір сүрген өлкеде қыз баланың әкесімен бірге аңға шығуы қаншалықты жиі кездеседі?

- Құсбегілік – жеті атамыздан жалғасып келе жатқан дәстүр. Біз үйде төрт ағайындымыз: ағам, бауырым және сіңлім бар. Ағам бүркітші болған. Ол оқуға түсіп, студент болған кезде оның бүркітіне мен қарадым. Жалпы, бүркіт жанына иесінен басқа ешкімді жуытпайды, бірақ ағаммен бірге өскендіктен, оның бүркіті менің дауысымды жақсы таныды. Ал қыз баланың бүркіт ұстауына келетін болсам, үш жыл бұрын мен жалғыз бүркітші қыз болсам, қазір Баян-Өлгейде 15 бүркітші қыз бар.

- Аң аулату үшін бүркітті қалай баптау керек?

- Бүркіт күніне жарты келі ет жейді. Қыс мезгілінде аң аулап, азығын өзі табады. Жаз мезгілінде әкем қоян атып, қоректендіреді. Негізінде бүркіттің ұябасарын ұстайды, себебі оның дене тұрпаты қыранға қарағанда ірілеу болады және аң аулауға қабілеттірек болады. 4-5 жыл қолда ұстап, жұмыртқалайтын уақытында еркіндікке жібереміз.

БАЛАПАНЫН АЛЫП ЖАТҚАН КЕЗІМДЕ БҮРКІТ КЕЛІП ҚАЛДЫ

- Бүркіттің болмысы қандай болады?

- Бүркіттің болмысы өзін бағатын адамға ұқсайды. Бүркіт өз иесін дауысынан ғана емес, аяғының дыбысынан-ақ таниды. Мысалы, менің бүркітім – Аққанат өзіме ұқсайтын. Мен үйге кірген кезде бірден сезіп, дауыс шығарады. Қазір оны еркіндікке қоя бердік. Негізі бүркітке ат қоймайды, бірақ иығындағы қанаты ақ түсті болған соң солай атап кеттім.

- Аққанатты алғаш ұстап алған кезің есіңде ме?

- Режиссер Отто Белл деректі фильм түсіруді бастаған кез болатын. Әкем беліме арқан байлап, 18 метр биіктіктен төмен түсіп, Аққанатты ұядан өзім алдым. Алдымен бүркіттің ұшып кетуін күттік. Ұяда екі балапан болды. Бүркіт екі балапанның біреуін таудың ең биік шыңына апарды да, қанатымен қағып жіберді. Балапаны жерге қарай құлдилап, кейін қанатын жайып, ары қарай ұшып кетті. Мен екінші балапанды алғалы жатқан кезде бүркіт келіп қалды. Әкем оны үркітіп тұрды.

- Балапанды алғаннан кейін өзіңе қалай үйреттің?

- Оны қолға үйрету оңай емес. Бұрын-соңды адам көрмегендіктен, қорқып, қашады. Оған ет беріп, сипап, бір ай бойы дауысыңа үйретесің. Тауға апарып, дауысыңды шығарып шақырған кезде өзі қолыңа келіп қона бастайды. Оны қақпанмен ұстайтындар да болады, бірақ ол өте қиын.

79 ЕР АДАММЕН БІРГЕ БҮРКІТШІЛЕР САЙЫСЫНА ҚАТЫСТЫМ

- Бүркітшілердің жарысына қатысып көрдің бе?

- 2014 жылы 13 жасымда Аққанатпен Баян-Өлгей аймағындағы Саяттөбеде өткен бүркітшілер сайысына қатыстым. 79 ер адамның арасында жалғыз қыз болдым. Бастапқыда қобалжу сезімі болғанмен, өз үрейімді жеңіп кеттім. Ең алдымен «Шақыру» сайысы болды: қолға ет қойып, тау жақта тұрған Аққанатты шақырған кезде 5 секундта ұшып жетті. Одан кейін «шырға» сайысы болды: қоян терісін тартқан кезде бүркіт оны тірі аң екен деп ұшып келеді. «Шырға» сайысында Аққанат 6 секундта жетті. Осылайша бүркітшілер сайысында рекорд орнаттым. Әдетте бүркіттер 10-11 секундта ұшып келеді екен.

АУЫЛДА ТЕЗЕК ТЕРІП, МАЛ ЖАЯМЫН

- Ауылдағы бір күнің қалай өтеді?

- Жаз мезгілі өте қарбалас өтеді. Таңғы 5.00-6.00-де тұрып, сиыр сауамыз. Бие байлап, құрт қайнатамыз. Саба пісіп, ірімшік жасаймыз. Тезек теріп, мал жаямыз. Қыста көбінесе сабақ оқып, бос уақытымда сиыр сауып, әкеммен бірге аңға шығамын. Негізі аң аулайтын уақыт 15 қыркүйек пен 15 ақпан аралығы. 15 ақпаннан бастап бүркіт түлеп, ұша алмай қалады.

- Қазақстанға алғаш келуіңіз туралы тоқталып өтсең...

- Qazaqstan ұлттық телеарнасында тілшілік қызмет атқаратын Ғабит Бөкенбайұлы ауылыма келіп, менен сұхбат алды. Сұхбат барысында мен оған Қазақстанға келуді армандайтынымды айтқан едім. Ол мені Қазақстанға алып келді.

- Ең жас бүркітші қыз ретінде танымал болғаннан кейінгі өмірің қалай өзгерді?

- Танымал болғаныма өзім таң қалдым. Бастапқыда әкемнің достары қыз бала үшін бүркіт ұстау, 40 градус аязда тау-тастың ішінде атпен жүру оңай болмайтынын айтып, қарсы болды. Мен қыз бала болсам да бүркітші бола алатынымды осылай дәлелдедім.

ҚАЙ САЛАНЫ ТАҢДАСАМ ДА, БҮРКІТШІЛІКТЕН ҚОЛ ҮЗБЕЙМІН

- Сізге Қазақстан мемлекеті 20 мың доллар көлемінде грант ұсынды. Аталған грантты Қазақстанда бір жыл мерзімде ағылшын тілін үйренуге пайдалана алатыныңды білгенде қандай сезімде болдың?

- Қазір халықаралық Spektrum мектебінде оқып жатырмын. Бұл мен үшін үлкен қуаныш.

- Ата-анаңды, бауыр-сіңліңді, ауылыңды сағынасың ба?

- Мен Баян-Өлгейдегі мектеп-интернатта оқығанмын. Ата-анаңды, ауылыңды сағыну сезімдерін сол кезде басымнан өткеріп тастадым. Қазір бар күшімді білім алуға жұмсап жатырмын.

- Болашақта кім болғың келеді?

- Болашақта білім беру саласын таңдауым мүмкін. Қай саланы таңдасам да бүркітшіліктен қол үзбеймін.

МАМЫР АЙЫНДА МЕН ТУРАЛЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ БОЛАДЫ

- Оқырманға айтар жаңалығың бар ма?

- Мен туралы кітап жазылып біткенін айтқым келеді. Келесі жылдың мамыр айында тұсаукесері болады. Кітапты америкалық азамат жазды. Ол 2018 жылы менің туған жеріме келіп, кітап жазуды бастап кеткен болатын.

- Бүркітші болғысы келетін қыздарға қандай кеңес айтасың?

- Ең алдымен, шыдамды, сабырлы, салмақты болу керек. Бір қолыңмен 15-20 келілік құсты көтеріп жүру оңай емес. Жігер керек.

- Сұхбатың үшін рақмет!

P.S. Айшолпан Нұрғайыпқызынан сұхбат алуға көмектескен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына алғыс білдіреміз.

Фотолар: Айшолпанның жеке мұрағатынан

Соңғы жаңалықтар