Бурабай курортында жаңа аттракциондар паркі ашылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Бурабай курортында демалушылар үшін қызмет көрсететін жаңа аттракциондар паркі ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Бурабай даму» ЖШС бірыңғай байланыс орталығының басшысы Азамат Баймұқановқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Бурабайда биіктігі 42 метрлік шолу шеңбері салынып жатыр. Сонымен бірге отбасылық, балалар және экстремальды бағыттағы аттракциондар ашу да қарастырылған. Нысан құрылысы «Щучье-Бурабай курорты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылуда. Шолу шеңбері мен түрлі қызықты аттракциондар Бурабай курортына демалуға келетін туристердің көңіл көтеріп, демалатын сүйікті орнына айналмақшы.

«Бұл - жалпы құны 347 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жоба. Оны инвестор «Колесо удачи» ЖШС жүзеге асыруда. Нысан Бурабай кентіндегі «Бурабай даму» ЖШС визит орталығының аумағында орналасады. Оны үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған», - дейді Азамат Баймұқанов.

Бұл Бурабай тұрғындары мен қонақтарына курорты аймақтың көркін жыл бойы тамашалауға мүмкіндік береді. Аттракцион тәулік бойы қызмет көрсетіп, онда 15 адам жұмыс істейтін болады.

«Компания отбасылық, балалар және экстремальды бағыттағы аттракциондар ашуды қарастырып отыр. Бурабайға келушілер уақыттарын қызықты өткізеді деп үміттенеміз. Біз қазір, сырғанақ, автодром, «шынжыр карусель», кішкентай балалар үшін шағын аттракцион, сондай-ақ, «Бумеранг» және «НЛО» орнаттық»,- дейді «Колесо удачи» ЖШС басшысы Алексей Кодочигов.

Айта кетейік, «Щучье-Бурабай курорты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2025 жылдары өңірге келетін туристер санын 1,6 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар