Бұлбұл Қартаңбаева АҚШ хоккей лигасындағы тұңғыш қазақстандық атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан хоккей құрамасының шабуылшысы Бұлбұл Қартаңбаева әйелдер Ұлттық хоккей лигасында (NWHL) өнер көрсететін тұңғыш қазақстандық атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «SPORTINFORM» САА-ға сілтеме жасап.

Нью-Джерси штатындағы Монмут Джанкшен қаласының «Метрополитен Риветерс» клубы 26 жастағы хоккейшіні қатарына қосып алғанын жариялады.

«Менің арманым орындалды. Алдымда ашылған мүмкіндіктерге қуаныштымын. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жұлдыздармен бірге NWHL-да ойнау сәті келді», - дейді Бұлбұл NWHL ресми сайтына берген сұхбатында.

Қартаңбаеваның шеберлігіне «Риветерстің» бас менеджері де жоғары баға берді.

«Қартаңбаеваның шеберлігі, ойынға адалдығы оны жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына, командамыздың белді мүшесіне айналдырары сөзсіз», - деді Кейт Витман Эннис.

Өткен маусымда Бұлбұл Канаданың Оңтүстік Альберта лигасында ойнайтын «Калгари Койотс» клубында 21 матчта 29 (8+21) ұпай жинап көзге түсті. Оған дейін Қазақстанда «Барыс» құрылымындағы «Томирис», Алматының «Айсұлу» командаларында өнер көрсеткен. Қазақстан құрамасында 2011 жылдан бері жүр. 5 мәрте әлемдік додаға қатысқан.


Соңғы жаңалықтар