Бұл – жауапты таңдау: Алғаш рет дауыс берген Қытайдағы қазақстандық студент

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайдың жоғары оқу орнында оқитын қазақстандық студенттер Темірлан Бисенов пен Жәнібек Совет сайлауда алғаш рет дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейжіңдегі №257 сайлау учаскесінде бірінші болып дауыс берген Қазақстан азаматтарының бірі Бейжің Тіл және мәдениет университетінің студенті Темірлан Бисенов пен Бейжің университетінің студенті Жәнібек Совет болды.

«Шынымды айтсам, сайлауға бірінші рет қатысқандықтан өте қатты толқып тұрмын. Мен үшін бұл жауапты таңдау, өйткені өзімнің сайлау құқығымды пайдаландым», - деп пікірімен бөлісті Ж.Совет.

Дауыс беруге алғаш рет қатысқан қазақстандық жастар кәдесыйларға ие болды.

Еске сала кетейік, бүгін, 10 қаңтар күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 05:00-де (жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де) Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі (ғимараты Бейжіңде) және Шанхай қаласындағы ҚР Бас консулдығы жанындағы сайлау учаскелері өз жұмысын бастады.

Бейжіңде студенттер, дипломаттар, ұлттық компаниялардың өкілдері және олардың отбасы мүшелері дауыс бере алады.

Шанхай қаласындағы Бас консулдық жанындағы сайлау учаскесінде (№294) Қытайдың Цзянсу, Цзянси, Аньхой, Чжэцзян, Фуцзян провинцияларында және Шанхай қаласында тұратын Қазақстан азаматтары дауыс бере алады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Қазақстанда ҚР Парламентінің Мәжілісіне және мәслихаттарға депутаттарды сайлау өтіп жатыр. Қазақстандықтар 5 партияның бірі үшін дауыс бере алады: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстанның халық партиясы.

Авторы Руслан Сүлейменов


Соңғы жаңалықтар