Бұқтырмаға салынатын көпірдің ұзындығы 1 300 метр болады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қызыл ту өткеліне салынатын көпірдің ұзындығы 1300 метр болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Бұқтырма су қоймасында көпір салуға қаржы бөлуді тапсырған еді. Аймақ басшысы Даниал Ахметов көпір құрылысының жобасы дайын екендігін жеткізген болатын.

Бүгін ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов Қызыл ту өткеліне көпір салу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін айтып берді.

«Көпір құрылысына республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі тиіс. Алайда оны күтпей облыстық бюджеттен 500 млн теңге жұмылдырылды. Бұл қаражат техникаларды әзірлік сапына қоюға, құрылыс аумағын жабдықтауға жұмсалмақ. Сметалық құжаттамаға сәйкес жоба үш жылда іске асады» - дейді ол.

Оның айтуынша, конкурс 10 ақпанға дейін жарияланады. Егер бәрі ойдағыдай болып жатса құрылыс жұмыстары сәуір айында басталмақ.

«Көпір Құйған ауылының маңына қарай салынады. Оның ұзындығы 1 300 метрді құрайды. Жүргізушілер көпірден еш ақы төлемей өте алатын болады», - дейді Нұржан Жұмаділов.


Соңғы жаңалықтар