Бүкіл үйірмені бір сәтте жауып тастаймыз – Артспорт жобасына қатысушылар министрлікке нақты талап қойды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада тегін үйірмеге тіркелген 69 мың баланың әрі қарайғы тағдыры беймәлім күйде тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алдына балаларға спорт және шығармашылық үйірме қызметін ұсынушы кәсіпкерлер мен ата-аналар жиналып, «Артспорт» жобасының аясындағы тегін үйірмелерді қаржыландыру мәселесін біржола шешіп беруді талап етті. Президент тапсырмасы аясында қолға алынған тегін үйірмелер былтыр елордада пилоттық жоба аясында жүзеге асып, 5000 бала қамтылған көрінеді. Биыл сұраныс күрт артып, 17 мың бала бюджет есебінен үйірмеге жазылған. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат былтырғы қарызды жауып, биылдың алғашқы 3 айын қаржыландырудан аспай қалған.

Жобадан көп үміт күткен кәсіпкерлер осы 17 мың баланы қамту үшін ғимараттарды жалға алып, үйірмеге бейімдеп, біраз шығындалғандарын айтады. Оның үстіне үйірме бапкерлері мен тәлімгерлердің айлығын төлеу де проблемаға айналған. Бюджет тапшылығы үйірмені ұсынушылармен бірге ата-аналардың жоспарын да бұзып отыр. Соның бірі - Раиса Арестанова.

«Жиенім қолөнер мен би үйірмесіне барып жүр. «K-pop» деген бағыты шығыпты ғой. Бәрі жақсы болған еді. Енді тоқтап қалады деп жатыр. Қызым - екінші топтың мүгедегі. Қазір жұмыссыз отыр. Оның қызын ақылы үйірмеге жіберетін мүмкіндігі мүлде жоқ. Сондықтан Қостанай облысынан арнайы келдім. Жиенім үйірмеге бармаса, жаз бойы менің қасымда болсын. Біздің ауыл Нұр-Сұлтаннан 1000 шақырым жерде жатыр. Сонша жерден жиенімді алып кетейін деп келген едім. Бүгінгі жиынның болатынын естіп, қолдау білдіруге келіп тұрмын. Мәселе шешіліп, үйірмесі жалғасса, жиенімді тасымалдап әуре болмас едім», - дейді ол.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевпен осы мәселе бойынша кездесуге үйірме қызметін ұсынушылар атынан Қуат Ерғалиев жазылған екен. Министрге кірер алдында ол да БАҚ өкілдеріне пікір білдірді.

«Жергілікті бюджет бүкіл балаларды қалаған үйірмесімен қамти алмайды. Өйткені үнемі әкімдікпен қырқысып, тиісті міндеттерін әупіріммен орындатып жүрміз. Министрден осы үйірмелерге қажет қаражаттың тым болмаса 50 пайызын республикалық бюджетке жүктеуді сұрамақшымыз. Үкімет отырысында осы мәселемен шығып, Премьер-Министрден сұрасын.

Наурыздан бері үш ай бойы айлықсыз өмір сүріп жүрміз. Астанадағы бұл жағдай өзге өңірлерде де қайталануы мүмкін. Алматы, Жамбыл облыстарында тегін үйірмелер жабылып қалды. Шымкентте де жабылды. Кәсіпкерлер қазір «Алтын балық» ертегісіндегі тесік астаумен қалған шалдың күйін кешіп отыр. Біз Жолдауда айтылғандықтан, балалар жылында бәрі ың-шыңсыз болады деп ойлаған едік», - деді белсенді топтың өкілі.

Ал «Actual skills» орталығының жетекшісі, үйірме қызметін ұсынушы Тоты Смағұлова әкімдік биыл тегін үйірмеге жазылғандардың саны былтырғыдан бірнеше есе көп болғанына қарамастан, неге іс жүзінде былтырғыдан аз ақша бөлінгенін түсінбей жүр.

«Бюджет өте тез игеріліп кеткен деп жатыр. Бірақ о баста бюджетке қанша қаржы салынғанын ескеру керек. Мысалы, былтыр Нұр-Сұлтан қаласының бюджетінде 6 айға деп 603 млн теңге салынған. Бұл шамамен 5 мың ваучерге жететін ақша. Салыстырсақ, қаладағы Оқушылар сарайына ғана 10 мың бала барып жүр. Яғни, Оқушылар сарайындағы балалардың жартысына ғана жететін ақша бөлінген. Бұл Нұр-Сұлтан қаласының қажеттіліктеріне бөлінген ақшаның 2 пайызы ғана. Биылға 1,3 млрд теңге бөлінді деп отыр. Өйткені халық бағдарламаны жақсы қабылдап, ваучерлер саны көбейді. 17 мың ваучер тіркелді. Биылға бөлінген ақшаның 300 млн теңгесі өткен жылдың қарызын жабуға кетті. Сонда биылға 600 млн теңге ғана бөлген болып шығады. Былтыр үйірмеге қатысқан 5 мың бала ешқайда жоғалып кеткен жоқ қой. Бірақ биыл 4,5 мың балаға ғана ақша бөлінген. Былтырғы межені сақтап қалу үшін ғана 1,2 млрд теңге бөлінуі керек еді. 6 айға 600 млн бөлсе, биыл 12 айға екі есе көп ақша қажет. Оған өткен жылдың қарызын қосқанда 1,5 млрд теңге бөлінуге тиіс болған. Соның бәрін ескерсек, биыл былтырғыдан да аз ақша бөлінген болып шығады. Ал 17 мың бала үйірмеге баруы керек. Сондықтан да жылдың ортасына жетпей жатып ақша бітіп қалды», - деді үйірме жетекшісі.

Халық қарасы ұлғайғаннан кейін министрлік өкілдері кеңседен шығып, үйірме қызметін ұсынушылармен арнайы бөлмеде жиын өткізді. Бірінші болып сөз алған Спорт комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов қазір тегін үйірмеге жазылушыларды тіркейтін цифрлық платорманы 4 бірдей министрліктің мамандары жетілдіріп жатқанын атап өтті. Оның мәліметіне сүйенсек, жергілікті мәслихаттар республика бойынша аталған тегін үйірмелерді қаржыландыруға қосымша 13 млрд теңге бөлуге келісім берген. Бір ваучердің айлық шығыны орта есеппен 15 мың теңге деп есептегеннің өзінде, бұл сома сәуір-мамыр айларының қарызын жабуға ғана жеткілікті.

«Үкіметтің хаттамалық тапсырмасы бойынша Әділет, Білім және ғылым, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және спорт министрліктерінің бірлескен төртжақты бұйрығына қол қойылды. Бұл бұйрықтың басты мақсаты – қазір бәріңіз жұмыс істеп жатқан платформаны жетілдіру, заманауи талапқа сай келтіру. Бұл мәселе бойынша Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары деңгейінде үлкен жиналыстар болды, тапсырмалар берілді. Бүгінде қаржы жетіспеушілігі бар екенін білеміз. Мамыр айында жергілікті атқарушы органдар мәслихаттарға (бюжеттік – ред.) тапсырыспен шықты. Бүгінде мәдениет пен спорт саласы бойынша республика көлемінде 13 млрд теңге қолдау тапты. Ол сәуір, мамыр айларын жабады. Жамбыл облысында, Нұр-Сұлтан қаласында, тағы 1-2 қалада қазір ақша таусылып жатқанын білеміз. Қазір елімізде 500 мың бала үйірмеге барады. Соған 93 млрд теңге керек. Оның 50 млрд теңгесі спорт саласында, 41 млрд теңгесі мәдениет саласында игерілуі керек», - деді комитет басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, ол Спорт комитеті «Артспорт» аясындағы тегін үйірмелер жобасын жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Алайда қаржыландыру мәселесінің әзірге біржақты шешілетін түрі көрінбейді.

«Бұл проблема бойынша облыстарға бірнеше рет шықтық. Өздеріңіз де Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне бардыңыздар. Қазір мәслихатта бұл жұмыстар қаралып жатыр. Келесі аптада әкімдіктермен бірге тағы кеңейтілген жиналыс өткіземіз. Талқыланатын мәселе біреу ғана. Ол – қаржы тапшылығы. Бүгінде Мемлекет басшысы берген тапсырма өміршеңдігін көрсетті. Балалар спортпен айналысып жатыр, шығармашылық үйірмелерге қатысып жүр. Бұл платформа, бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Бірақ қазір байқалған кемшін тұстары, қаражат мәселесі шешіледі. Соны айтқым келіп тұр», - деді Бекболат Байжанов.

«Арт спорт» жобасына қатысушылар жобаның тағдыры әрі қарай не болатынын түсіну үшін Мәдениет және спорт министрлігінің бұл мәселе жөніндегі ұстанымы мен саясаты қандай екенін сұрады.

«Қазақстанда 4-17 жастың арасындағы 4,5 млн бала бар. Осы бағдарлама бойынша солардың қанша бөлігін қамтуға болады? Жоба 4-5 жылға көзделген ғой. Бүкіл бала қамтыла ма», -деп сұрады «Арт спорт» жобасына қатысушылар.

Комитет өкілінің айтуынша, 2025 жылға дейін бүкіл баланы тегін үйірмемен қамту жоспарда бар. Бірақ ол жобаны мүлтіксіз қаржыландыру мәселесі қалай реттелетінін нақты айтпады.

«Біз бүкіл баланы қамтимыз деп ойлап отырмыз. Бізге сондай тапсырма берілген болатын. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек. Қазақстан бойынша балаларға арналған 400-ге жуық спорт мектебі жұмыс істейді. Ол жерде 375 мың бала спортпен жүйелі түрде айналысады. Одан кейін облыс орталықтарынан тыс аудан орталықтары бар. Ол жерде балалар мен жасөспірімдерге арналған денешынықтыру клубтары, аула клубтары бар. 200 мың бала сонда қамтылған. Оның үстіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне қосымша білім беруші педагог ретінде төленетін ақшаны көбейттік. Қазір олар да үйірме жүргізеді. Сонда қазіргі күні жүйелі түрде бюджет есебінен 2 млн бала спортпен шұғылдануда. Оған «Артспорттың» 500 мың баласы қосылып отыр.

«Артспорт» та өте жақсы механизм. Біз оны жоққа шығармаймпыз. Себебі мемлекеттің қолы бәріне бірден жете алмайды. Сондықтан тапсырма бергеннен кейін оны зерттедік. Иә, бұл өте ыңғайлы, өміршең платформа. Сондықтан да 2021 жылы біз нормативтік-құқықтық актілер жасадық. Басында платформамен қиындықтар болды. Цифрлық даму министрлігі Алабугиннің платформасын ұсынды. Қазір сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Былтырғы жыл бітті, 2022 жыл басталған кезде платформаның кемшіліктеріне қарай ма, мүмкін әкімшіліктердегі әріптестеріміздің жауапкершілігі ме, жоспарланған ақша басында көп кетті де, жетпей қалып отыр. Ол – шешілетін мәселе және әкімдіктердің құзіретіндегі проблема. Үкімет те тікелей жұмыс істеп жатыр, Президент Әкімшілігі де тапсырма берді. Біз де жұмыстамыз. Жаңа айтқанымдай, мәслихаттар 13 млрд теңгені қолдады. Бірақ 500 мың баланы қамту үшін спорт саласына 50 млрд, шығармашылық үйірмелерге 40 млрд теңге керек», - деп түйіндеді Бекболат Байжанов.

Үйірме қызметін ұсынушылар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тарапынан «Артспорт» платформасы арқылы «жалған шәкірттерге» қызмет көрсету тәуекелі бар деген «негізсіз айып тағылып» отырғанына наразы екенін жеткізді.

«Қаржыландыру мәселесімен бірге қызметті жосықсыз көрсету тәуекелдері туралы әңгіме көтеріледі. Қанша рет айтқанымен жалған шәкірт тіркету фактісімен бірде-бір қылмыстық іс қозғалғанын көрген жоқпыз», - дейді Тоты Смағұлова.

Спорт комитеті өкілдерінің жауабына көңілі толмаған үйірме қызметін ұсынушылар мәселе жуық арада шешімін таппаса, шетін шараларға баратынын ескертті.

«Бұлай жалғаса берсе, бүкіл үйірмелерді жауып тастауға тура келеді. Бір айға жауып тастайықшы, ата-аналар көшеге шығып кетеді. Сол кезде неше баланың ү»йірмеге барып жүргенін оп-оңай есептей аламыз. 500 үйірменің әрқайсысында 200 баладан бар. Бұл спорт бағыты бойынша ғана. Мәдени бағыттағы үйірмелер және бар», - деді «Авангард» жекпе-жек сайыс мектебінің негізін қалаушы Серік Сағымбаев.

Министр Дәурен Абаевпен кездесуге кеткен Қуат Ерғалиевтен телефон арқылы кездесу нәтижесін сұрадық.

«Министр тегін үйірмелерге жұмсалатын қаржының жартысын республикалық бюджетке жүктеу мәселесін өзі шеше алмайтынын айтты. Оны Үкіметке айту керектігін түсіндірді. Мен сол үшін жұмыс тобын құруды ұсындым. Жауабын кейін айтуға уәде берді. Бұл жауапқа біздің көңіліміз толған жоқ. Сондықтан мәселенің министрден жоғары деңгейде шешілуіне күтуімізге тура келіп тұр», - дейді белсенді топ өкілі.

Бұған дейін, Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин әлеуметтік желіде тегін үйірмелер мен секциялар проблемасы туралы пікір білдіріп, шенеуніктердің әрекеті үшін балалар жазаланбауы керектігін жазған еді.


Соңғы жаңалықтар